Қуандық Бишімбаевтың анасы 990 мың долларын қайтармаған туысымен соттасып жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Бишімбаевтың ата-анасы туысымен соттасып жатыр/коллаж kursiv.media,бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова туысы Бекзат Кемеловамен соттасып жатыр, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Астана сотына Бекзат Кемеловаға қатысты іс қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша түскен.

Мемлекеттік айыптаушы Гүлмира Әбдірахманованың айтуынша, Нұрлыбекова бұған дейін де кей заттарын Кемеловаға сақтап қою үшін беріп отырған.

«Сотталушы Бекзат Кемелова Альмира Нұрлыбекованың 990 000 долларды сақтап отырғанын біліп, ұлы Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық істің қаралып жатқанына байланысты оның күйзеліске түскенін пайдаланып, әрекет еткен», – деді прокурор.

Айыптау актісіне сәйкес, Бекзат Кемелова сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлері Бишімбаевтың отбасына бақылау жүргізіп, мүлкі мен ақшасын тәркілеуді жоспарлап отырғанын айтқан. Мүлкін сақтап қалудың бірден-бір жолы ақшаны өзіне беру екеніне сендірген.

Осылайша Нұрлыбекова 990 000 долларды көк түсті чемоданға салып, Кемеловаға берген. Ал Кемелова бұл ақшаны өз қалауы бойынша пайдаланып қайтармаған.

Ал қорғау тарапының іске қатысты ұстанымы басқа. Кемелованың адвокаты Игорь Вранчевтің айтуынша, сотталушының күйеуі Қайрат Кемелов бұрын сот-медициналық сарапшы болып жұмыс істеген. Бишімбаевтың отбасы Нүкенованың өліміне қатысты сараптама қорытындысы Қуандық Бишімбаевтың пайдасына шешілуі үшін одан көмек сұраған. Туысы мұндай көмек көрсетуден бас тартқан. Кемеловтер мұны көмек көрсетуден бас тартқаны үшін кек алып жатыр деп санайды.

Қайрат Кемеловтің мәлімдемесі

Айта кетейік, бұған дейін отбасының туысы Қайрат Кемелов 2025 жылдың 14 қаңтарында Airan YouTube каналында «Сол күні өзара әңгіме болды, олар мәйітханаға баруымды, менің әріптестерімнің, яғни сот-медицина сарапшыларының Қуандық Бишімбаевтың пайдасына қорытынды шығаруын сұрады», «иә, олар бұрмалайтындар үшін қомақты сома беруге дайын болды» деген мәлімдеме жасаған.

Содан кейін Бишімбаевтың ата-анасы Уәлихан Бишімбаев пен Альмира Нұрлыбекова сотқа жүгініп, Кемеловтің бұл мәлімдемесін ар-намыс, қадір-қасиетіне нұқсан келтіру деп тануды сұраған.

Сот шешімімен Уәлихан Бишімбаевтың пайдасына моральдық шығын ретінде 100 мың теңге, Альмира Нұрлыбекованың пайдасына 100 мың теңге өндірілді.

Сондай-ақ оқыңыз