Сауда нүктелерін жалдау ақысының өсуіне шектеу қойылады

Сауда және интеграция министрлігі мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлерге жалдау ақысының өсуіне шектеу қоюды көздеп отыр. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.
Министрлік тиісті бұйрық жобасын әзірледі, ол 18 қарашаға дейін «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға ұсынылады.
Жобаға сәйкес, мемлекеттен қолдау алғаннан кейін бір жыл ішінде жалға беруші сауда орнының жалдау құнын өзгерте алмайды.
«Бұл, әсіресе, шағын және орта бизнес өкілдері мен жалға алынған нысандарда жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер үшін маңызды. Олар өз шығындарын алдын ала жоспарлап, жалдау ақысын күтпеген және негізсіз өсіруден қорғана алады», – делінген министрлік хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін енді шағын бизнес 2026 жылдан бастап жеңілдетілген салық режимінде жұмыс істей беретінін жазғанбыз.