SCAT Airlines Астанадан Белградқа тікелей әуе рейсін ашты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Астана мен Белград арасындағы тікелей әуе қатынасы іске қосылды. Алғашқы рейс Қазақстан мен Сербия өкілдерінің қатысуымен орындалды.
Салтанатты шараға ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев, SCAT әуе компаниясының президенті Владимир Денисов, Сербия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Владимир Йовчич және Н.Назарбаев атындағы халықаралық әуежай басқарма төрағасының бірінші орынбасары Руслан Пыштанов қатысты.
«Астана мен Белград арасындағы тікелей рейстердің ашылуы Қазақстан мен Сербия арасындағы байланысты нығайтудағы маңызды қадам болып табылады. Жаңа бағыт екі ел арасындағы бизнес, туризм және мәдени ынтымақтастық үшін жаңа жол ашады», – деп атап өтті Талғат Ластаев.
Айта кетейік Қазақстан мен Сербия арасында визасыз режим қолданылады. Ұшу ұзақтығы 5 сағат 40 минут. Алғашқы рейсің өзінде 92 жолаушы болды.
Астана-Белград-Астана рейстері аптасына екі рет (дүйсенбі және бейсенбі) заманауи Boeing 737 ұшақтарымен орындалады.
SCAT Airlines қазіргі уақытта еуропалық қалаларға да рейстер орындайды:
- Астана – Прага – аптасына екі рет (сейсенбі және сенбі);
- Шымкент – Будапешт – аптасына екі рет (сейсенбі және бейсенбі);
- Шымкент – Мюнхен – аптасына екі рет (сейсенбі және бейсенбі).
Еске салайық, SCAT Airlines 2026 жылы көктемде Латвияға ұша бастайды.