Шымкентте балалар арасында тұмау көбейді

Шымкентте эпидемиологиялық ахуал әлі де күрделі. Әсіресе, балалар арасында тұмаудың таралуы тоқтамай тұр. Дәрігерлер күніне әдеттегіден екі есе бала медициналық көмекке жүгініп жатқанын айтады. Сәйкесінше, аурухана да лық толған.
Туғанына қырық күн ғана болған нәрестесін балалар ауруханасына жедел жәрдеммен жеткізген тұрғынның сөзінше, балаларының тұмауратын жатқанына аптаға жуықтаған. Бәрінің бірдей тамағы ауырып, дене қызуы көтерілген. Бесіктегі баласы дем жетпей тұншыққан. Температурасы 39 градусты көрсеткенде, жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болған.
Дәрігерлер қаладағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты балалар арасында науқастық екі есеге артқанын айтады. Соған байланысты балалар ауруханасында қосымша төсек-орындар қойылған. Соның өзінде аурухана лық толы. Мысалы, толықтай айтқанда балалар ауруханасында 499 орын болса, 556 бала емделіп жатыр. Бұдан бөлек шұғыл көмекке зәру балалар үшін үнемі 15 орын қорда тұрады.
«Қаламыздағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты балалар арасында аурушаңдық өсіп отыр. Яғни бұған дейін қалыпты жағдайда жалпы тәулігіне ауруханаға 300-350 науқас медициналық көмекке жүгінетін болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 800-850-ге жетіп отыр. Бұл 800-850 баланың ішінде шамамен 600-і, яғни өкпе-тыныс жолдарының қабынуынан түсіп жатыр», – дейді Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасының бас дәрігері Динара Жұмаділова.
Дәрігерлер өткен аптаға қарағандай жағдай біршама тұрақталғанын айтады. Олар ауруханаға жағдайы ауыр балаларды ғана алып қалып жатыр. Қалғанын емханаларға, амбулаториялық ем қабылдау үшін үйлеріне қайтаруда. Мамандар бұл жылда болатын қалыпты жағдай деп түсіндіреді және ата-аналарды қорықпауға шақырады.
Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жағдайды маусымдық ауру ретінде сипаттайды. Тұмау күз түсіп, күн суыта басталып, көктемге дейін жалғасады дейді. Тұмау және тұмау тектес аурулар ауадан жұғатынын айтады. Аурудың жаппай таралуын алдын алу үшін жұқтырған адамның толық емделгенінше қоғамдық орындарға шықпауын сұрайды.
Айта кетейік, қыркүйек айында Шымкентте бұл ауруды 90 мыңға жуық адам жұқтырған.
Сондай-ақ мұның алдында Шымкент қаласының қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының еденінде жатқан науқастар туралы видео тараған,