Шымкентте оқушыны көлік қағып кетті

Жарияланды
Фото: kursiv.media архивінен

Шымкентте тағы бір оқушы жол-көлік оқиғасына түсіп, мерт жолды. Бұл жолы қайғылы оқиға Нұрсәт ықшамауданында болды. Жаяу жүргіншілер жолынан өтіп бара жатқан оқушы алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған.

Бүгін, 3 қараша күні таңда Шымкенттегі Нұрсәт ықшамауданында Назарбеков көшесі мен Шанин көшесінің қиылысында 1-сынып оқушысын көлік қағып кетті. Оқушы оқиға орнында тіл келместен қайтыс болған. Куәгерлердің сөзінше, марқұм жол жүру жолағынан өтіп бара жатқан кезде жеңіл көлік келіп қалған.

Бейресми ақпаратқа қарағанда, көлікті әйел тізгіндеген. Ол тежегіштің орнына газды басып жіберген. Марқұм оқиға орнына жақын маңдағы №80 мектеп-лицейдің 1 «Д» сыныбында оқыған. Мектепке Қайтпас-2 ықшамауданынан келіп, білім алған. Оның жанында ата-анасы болмаған.

№80 мектеп-лицейі директорының орынбасары Қаламқас Бөкебаеваның айтуынша, мектеп қызметкерлеріне оқушылар хабар берген.

«Жүгіріп барсақ ақ түсті көлік тұр екен. Бала жерде жатты. Дер кезінде жедел жәрдем келді. Полиция қызметкерлері де келіп үлгерді. Бала сол жерде тіл тартпай кетіп қалды» деді ол.

Мектеп әкімшілігінің мәліметінше, бала жалғыз өзі мектепке келіп-кететініне ата-анасы толық жауапкершілікті алып, қолхат жазып берген. Оқушы отбасында 5 баланың төртіншісі болған.

Қалалық полиция департаментінің дерегінше, оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Жүргізуші қамауға алынған.

«Chery Tiggo» автокөлігінің жүргізушісі кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмды. Аталған жайт бойынша полициямен қылмыстық іс қозғалды. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды» делінген полиция хабарламасында.

Полиция тергеу барысында бейнебақылау камераларының жазбалары алынып, зерттеліп, куәлардан жауап алынып жатқанын мәлімдеді.

Ресми мәлімет бойынша, бұл жол-көлік оқиғасынан қайтыс болған екінші оқушы.

Сондай-ақ оқыңыз