
Смартфон сатып алмас бұрын міндетті түрде IMEI кодын тексеріңіз. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қазақстандықтарға осындай ескерту жасады.
IMEI код – бұл кез келген телефонға берілетін бірегей код. 15 цифрдан тұрады. Сол цифрларда телефон шыққан елдің коды және смартфонның қайталанбайтын сериялық номері жазылады.
IMEI-кодты #06# теру арқылы немесе құрылғы қорабынан және корпустан табуға болады. Шыққан кодты imei.kz сайтында тексеріңіз.
«Телефоныңыздың IMEI кодын алдын ала тексеру – өзіңізді қорғаудың ең оңай әрі сенімді жолы. Бұл сіздің құрылғыңыздың заңды түрде тіркелгенін және ешқандай шектеусіз жұмыс істейтініне көз жеткізуге көмектеседі», – деп түсіндіреді ведомстводан.
Еске сала кетейік, осы жылы наурыздан бастап министрлік смартфондардың қатысты жаңа ереже енгізді. Енді телефон ұрланған немесе ресми тіркелмеген болса, міндетті түрде «қара тізімге» енеді. Заңды сатып алынған смартфондар «ақ» және «сұр» тізімде болады. Олар туралы толығырақ мына жерден білуге болады.