Торт дауының жалғасы: Аселина Батыр кондитерден 7 млн теңге сұрап отыр

Құрақшы-блогер Әсел Батырбекова (Аселина Батыр) кондитер Нұршат Ақбергенованың әрекетіне қатысты сотқа талап арыз түсірді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Бұған дейін кондитер Ақбергенова блогер Аселина Батырдан 3,5 млн теңге өндіріп алу үшін сотқа жүгінген еді. Дау 600 мың теңгелік тортқа байланысты туған. Азаматтық іс бойынша сот шешімін мына жерден оқи аласыз.
Торт дауы 2.0
Әсел Батырбекова туған күніне арнап торт пісірген кондитер Нұршат Ақбергеновадан 7 млн теңге өндіріп алғысы келеді. Талап арыз мәніне келсек, блогер соттан Ақбергенованың әрекетінде жала жабу, кибербуллинг, авторлық құқықты және тұтынушы құқығын бұзу белгілері бар деп тануды сұрап отыр.
Сондай-ақ Әсел Батырбекова және оның отбасының ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын барлық жазбасы мен видеосын өшіруді міндеттеуді сұраған.
- Ал өндіріп алғысы келетін қаражатқа келсек, заңгерлерге кеткен шығын ретінде 1 000 000 теңге;
- моральдық зиян ретінде 5 000 000 теңге;
- авторлық құқықты бұзғаны үшін (сараптама қорытындысы арқылы расталған жағдайда) 1 000 000 теңге өндіруді сұрап отыр.
Сонымен қатар «600 мың теңгенің тортына» қатысты БАҚ пен әлеуметтік желіде жасаған мәлімдемелерін көпшілік алдында жоққа шығаруын сұраған.
«Іс материалдарын жала жабу, көрінеу жалған мәліметтер тарату, әлеуметтік алауыздықты қоздыру бабы бойынша құқықтық баға беру үшін Астана қаласы прокуратурасына жолдауды сұраймыз», – делінген талап арыз мәнінде.
Блогер кондитердің желіде жазғандарына саяси-психологиялық-лингвистикалық кешенді сараптама тағайындауды сұрап отыр.