Ұлтараздықты қоздырды деп айыпталған блогер Алика сотта соңғы сөзін айтты

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Фото: видеодан Screenshot

Ұлтаралық алауыздықты қоздырды деп айыпталған блогер Алика Мұхамадиева сотта соңғы сөзін айтты. Ол жасаған әрекеті үшін кешірім сұрады.

«Мен ренжіткен барлық адамнан кешірім сұрағым келеді. Өте қатты ұялып тұрмын, не айтарымды білмеймін, қатты өкінемін. Соттан менің кінәмды толық мойындағанымды, кішкентай қызым бар екенін ескеруді өтінемін», – деді Мұхамадиева.

Ол қазір кішкентай баласын қатты сағынып жүргенін, бәрінен айырылып, темір тордың ар жағында барғанда ғана қадірін түсінгенін айтты.

«Жетістікке жетемін, мақсатқа жетемін деп шапқылап жүргенімді ғана ұқтым. Кейде жоспарыңды тезірек іске асыру үшін өмір сүруге де үлгермейсің, қызыңды ата-анаға арта саласың. Ал қазір сол баламның жанына тезірек барғым келеді», – деп көзіне жас алды ол сотта.

Алика Мұхамедиева Threads-тегі жазбасында қазақ ұлтын қорлаған пікірлерінен кейін белгілі болды. Қалың оқырманның наразылығынан кейін блогер кешірім сұрады, тіпті елден кетіп қалуға да тырысты. Бірақ оны тұтқындап, 174-бабының 1-бөлігі бойынша «әлеуметтік, ұлттық, тектік, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыру» бабымен айып тағылды. Ол үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін.

Бұған дейінгі сот отырыстарының бірінде Мұхамадиева ол пікірлерді жазған кезде эмоционалды күйзелісте болдым деп түсіндірді. Тергеу изоляторында болған кезде Құран оқи бастағанын да айтқан.

Блогердің ісі бойынша үкім бүгін, 3 қарашада оқылуы керек.

Сондай-ақ оқыңыз