10 жылға сотталасың: қыз алып қашуға қатысты жаза күшейтілді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
қыз алып қашу
Фото: жасанды интеллект; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қыз алып қашуға қатысты жаза күшейтілгелі бері жаңа тәртіпті бұзған 15 адам ұсталды. Соған байланысты Ішкі істер министрлігі азаматтарға заң ережелерін тағы да ескертіп өтті.

Жаңа заң, қатаң жаза

2025 жылғы 16 қыркүйекте Қылмыстық кодекске «Неке қиюға мәжбүрлеу» деп аталатын жаңа 125-1-бабы енгізілді. Соны ереже азаматты еркінен тыс некеге тұрғызу немесе бірге тұру мақсатында ұрлағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастырады.

«Енді мұндай әрекеттер ауыр қылмыс ретінде сараланып, кінәлілер жеті жылға дейін сотталуы мүмкін. Ауыр жағдайларда жаза 10 жылға дейін ұлғаяды», – деп ескертті министрлік.

Polisia.kz мәліметінше, жаңа заң күшіне енгелі екі айға жетпейтін уақыт ішінде 15 адам ұсталған.

«Қарағанды, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында неке қиюға мәжбүрлеу деректері бойынша 7 қылмыстық іс қозғады. 15 адам ұсталды».

Әрбір іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, қылмыстардың мән-жайы анықталып жатыр.

Қыз алып қашу туралы хабарлаңыз

Ішкі істер министрлігі азаматтарды зорлық-зомбылық пен некеге мәжбүрлеу жағдайларына бейжай қарамауға шақырды. Осындай оқиғаға куә болсаңыз, дереу 102 нөмірі арқылы полицияға хабарласыңыз.

Бұрын жәбірленушіні өз еркімен жіберген жағдайда қылмыстық жауапкершіліктен босатуға мүмкіндік беретін ереже алынып тасталды. Енді жаза жәбірленушіні босатқанына қарамастан тағайындалады.

Қазан айының аяғында Тараз қаласында қыз ұрлаған үш ер адам ұсталғаны мәлім болған.

Осының алдында Kursiv.Media Шымкентте қызды зорлап, кейін алып қашқан адамға қатысты іс тоқтағаны туралы жазған.

Бұған дейін депутаттар қыз алып қашу насихатталатын, боқауыз көп отандық контентті сынаған.

Сондай-ақ оқыңыз