2 млн теңге: мұғалімдер арасында шахмат турнирі өтеді

Қазақстанда бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған республикалық «Зияткер ұстаз» шахмат турниріне тіркелу басталды. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 2 млн теңге.
Турнир Қазақстан Шахмат федерациясының бастамасымен өткізіледі және ол елде шахматты дамытуға арналған 2023–2027 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында ұйымдастырылып отыр.
Байқау екі кезеңнен тұрады:
- Аймақтық іріктеу (онлайн) – 2025 жылғы 8 қарашада Lichess платформасында өтеді;
- Финал (офлайн) – 12 желтоқсанда Астанада ұйымдастырылады.
Қатысуға тек бастауыш сыныптарда «Шахмат негіздері» пәнін жүргізетін мұғалімдер жіберіледі. Өтінім қабылдау 2025 жылғы 6 қараша, сағат 12:00-ге дейін жалғасады. Тіркелу сілтемесі: chessinedu.kz/ziyatkerustaz.
Қазір «Шахмат негіздері» пәні 20 өңірдегі 1500 мектепте енгізілген. Бағдарлама 60 мыңнан астам оқушыны қамтып, 2500 педагог арнайы даярлықтан өтті. Сонымен қатар жеті педагогикалық ЖОО-да «Шахмат пәнінің мұғалімі» атты minor бағдарламасы іске қосылған.
Жоба авторларының айтуынша, «Білімдегі шахмат» бастамасы оқыту мәдениетін жаңа деңгейге көтеріп, стратегиялық ойлауы дамыған интеллектуалды ұрпақ тәрбиелеуді мақсат етеді.