2026 жылы Қазақстан экономикасының өсімі баяулайды

Қазақстан экономикасы биыл өскенімен, сарапшылар алдағы жылы бұл қарқын төмендейді деген болжам жасап отыр. Halyk Research сарапшыларының есебіне сәйкес, ел экономикасы 2025 жылы «өсу шегінен» өтіп, 2026 жылы баяулайды.
Зерттеу авторларының айтуынша, 2025 жылғы экономикалық өсімге мұнай өндірісінің артуы, қаржы ынталандыру шаралары мен төмен база әсер еткен. Алайда бұл факторлардың ықпалы әлсіреп келеді. Жалпы ішкі өнім бойынша жылдық болжам 5,6% деңгейінде сақталғанымен, тоғыз айдың қорытындысында өсім 6,3%-ға дейін төмендеген.
Экономикалық серпіннің басты көзі — мұнай секторы, әсіресе, Теңіз кен орнындағы өндіру көлемі. Биылғы тоғыз айда мұнда өндіріс 13,2%-ға өсіп, жалпы көрсеткіш 75,7 млн тоннаға жеткен. Сарапшылар бұл үрдіс уақытша екенін, мұнай өндірісі біртіндеп тұрақты деңгейге түсуі ықтимал екенін атап өтеді.
Halyk Research дерегінше, экономикалық өсімді қолдауда маңызды рөл атқарған Ұлттық қор трансферттері 2026 жылы айтарлықтай қысқарады. Егер 2025 жылы бюджетке ₸5,25 трлн аударылса, келер жылы бұл көлем ₸2,77 трлн-ға дейін азаяды. Бұл бюджетті қолдаудың әлсіреуі және экономикалық белсенділіктің төмендеуіне әсер етеді.
Инфляция мен теңге бағамы қандай болмақ
2025 жылдың соңына қарай инфляция 11,5–12,5% деңгейінде сақталады деп күтілуде. Бұл ретте базалық мөлшерлеме 18%-ға дейін көтерілгеніне қарамастан, баға өсімін тежеу қиын болып отыр. Ұлттық валютаның да әлсіреуі күтіледі: Halyk Research болжамынша, теңге бағамы жыл соңына қарай 1 доллар үшін 550–560 теңге шамасында болады, ал 2026 жылы 600–610 теңгеге дейін жетуі ықтимал.
Экономика негізінен мемлекеттік шығындар, сауда және көлік салалары есебінен өсіп отыр. Алайда халықтың нақты табысы төмендеген – 2025 жылдың алғашқы жартысында ол 1%-ға азайған. Бұл ішкі сұранысқа қысым жасап, экономикалық белсенділікті шектейді.
«Қазіргі өсім уақытша факторлардың арқасында қамтамасыз етілді: мұнай өндірісінің артуы инфрақұрылымдық жобалар және Ұлттық қор қаражаты. Бірақ олардың әсері азайған соң, өсім қарқыны 2026 жылы 4,5%-ға дейін төмендейді», — дейді Halyk Research сарапшылары.
Олардың пікірінше, Қазақстанға жаңа даму моделіне көшу қажет. Бұл үшін экономиканы мұнайға тәуелділіктен арылтып, жеке инвестицияларды ынталандыру, өндірісті әртараптандыру мен еңбек өнімділігін арттыру бағытындағы саясат күшейтілуі тиіс.