Алматыда «Оңай» істемей, жолаушылар метроға кіре алмай қалды

3 қарашада Алматы метросында электронды төлем жүйелері, соның ішінде «Оңай» істемей, жолаушылар есік алдында тұрып қалды. Метрополитен себебін түсіндірді.
Ондаған жолаушының дүйсенбі күні метроға кіре алмай тұрғаны әлеуметтік желілерде тез таралды. Себебі электронды төлем жүйелерінің бәрі істемей, адамдар кассадан жетон сатып алуға мәжбүр болды.
«Метродағы бүгінгі жағдай: ONAI да, банк картасы да істемейді. Кассадан жетон сатып алу керек», – деп жазды желідегі бір белсенді.
Басқа да жолаушылар өткен аптаның соңынан бері метроға кіру қиындағанын, соған байланысты жолдан қалғанын жазып жатыр.
«Әлем елдерінде адамдар көп қатынайтын уақытта есікті ашып қоя салады. Ал бізде зейнеткерлер мен студенттердің бір мәрте тегін жүргенін көре алмайды», – деп жазды тағы бір белсенді.
Алматы метрополитені мұндай қолайсыздықты «Оңайды» QR-кодпен төлеу жүйесін сынақ түрінде езгізіп жатқанымен түсіндірген.
«Сынақ барысында QR-кодтарды оқу ісі баяулағаны анықталып, адам көп жүретін уақытта кептеліс болды. Соған байланысты QR-кодпен төлеу уақытша өшірілді», – деп хабарлады метродағылар «Қазақпарат» агенттігіне.
Қазанның басында Алматы метросында турникеттерді жаңарта бастаған. Сол кезде жолаушылар жолақыны тікелей кіреберісте – Apple Pay, Google Pay немесе Samsung Pay сервисі бар банк картасы не смартфонмен төлей алатыны айтылған.