Жаңалықтар

Алматыда тағы бір мердігердің құрылыс лицензиясы тоқтатылды

Фото: Алматы әкімдігі

Алматының Қала құрылысын бақылау басқармасы «СК MEGARON» ЖШС-не қатысты қабылданған шаралар туралы хабарлады.

Компания Хмельницкий көшесінен бастап Тәжібаев, Бакинская, Физули көшелері арқылы Майлин көшесіне дейінгі су құбыры желілерін қайта жаңарту, сондай-ақ Мыңбаев және Манас көшелеріндегі су құбыры желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын орындаған.

«Алатау ТН» ЖШС техникалық қадағалауының өтініші негізінде басқарма тарапынан мердігерге қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің сақталмағаны анықталды. Осыған байланысты «СК MEGARON» ЖШС-нің құрылыс лицензиясы кері қайтарылды.

Еске салайық, бұған дейін де Алматыда екі компания – «СК 7 строй» ЖШС және «AsiaMax» ЖШС құрылыс лицензияларынан айырылған болатын.