Алматыдағы ЖЭС-2 қашан газға көшеді?

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Степногорская ТЭЦ. Фото: gov.kz
Фото: ашық дереккөзден

Алматыдағы жыл электр стансасы келесі жылдың соңында газға көшеді. Бұл туралы Forum Taxi Kazakhstan шарасында мәжіліс депутаты Сергей Пономарев айтты.

«Мәжіліс депутаты ретінде Алматыдағы ЖЭО-2 газға көшуін бақылауыма алдым. Ол күніне 82 тонна көмір жағады, ал көмір түтіні сіз бен біздің өкпемізге барып қонады. Міне, осы Алматы ЖЭС-2 келесі жылдың 31 желтоқсанынан бастап газға көшеді», – деді депутат Пономарев.

Қазір жылу орталығын газға көшіру үшін қажетті турбина мен жылыту қазандықтары АҚШ-та әзірленіп, Қытай арқылы Алматыға жеткізілді. Депутат қазір монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр деп түсіндірді.

Бұған дейін «Алматы электр станциялары» АҚ өкілі Шыңғыс Жүйріков жылу орталығына қажетті жабдықтар толығымен осы жылдың соңына дейін жеткізіледі деп уәде берген. Бірақ ол ЖЭО-2 газға ауысуы келесі жылы қыркүйекте аяқталады деген еді.

Алматыдағы ЖЭС-тің газға көшуі ұзақ уақыттан бері талқыланып жүрген мәселе. Ол қаладағы экологиялық мәселені шешу үшін қажет. 2024 жылы сол кездегі энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев ЖЭС-ті газға көшіру үшін 324 млрд теңге қажет деген еді.

Сондай-ақ оқыңыз