Ауғанстандағы жер сілкінісінен Мазари-Шарифтегі әйгілі мешіт те зақымданды (видео)

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Ауғанстан Мазари-Шариф көк мешіт
Мазари-Шариф қаласындағы көк мешіт / фото: shutterstock

Ауғанстанда 3 қарашағады 6,3 балдық жер сілкінісінен Мазари-Шариф қаласындағы әйгілі көк мешіт те зақымданды. Мұсылмандар зиярат етуге жиналатын орыннан түсірілген видеолар әлеуметтік желілерде таралды.

CNN мәліметінше, Ауғанстандағы жер сілкінісінен кем дегенде жиырма адам қаза тауып, жүздеген адам зардап шекті. Жерасты дүмпуінің ошағы елдің солтүстігіндегі Мазари-Шариф өңірінде орналасқан. Мұнда жыл сайын мыңдаған мұсылман әлемдегі ең әсем мешіттердің біріне зиярат етуге жиналады.

Әлеуметтік желілерде таралған видеоларға қарағанда, жер сілкінген кезде мешіттің кірпіштері жерге құлаған. Үйінділер еденде шашылып жатыр. Дегенмен ғимараттың өзі құлаған жоқ. Әйгілі мешітке қаншалықты зақым келгенін жергілікті мамандар бағалайды.

Көк мешітте Әли ибн Әбу Тәліп жерленген. Мазар XII ғасырда Селжұқтар дәуірінде салынған. Қазіргі ғимарат XV ғасырда Ақсақ Темір билік еткен тұста көтерілген. Көк түсті керамика – түркі-парсы сәулет өнерінің үлгісі.

Мешіт 5 гектар жерді алып жатыр. Ол ақ мәрмәрмен қапталған. Мұнда төрт күмбез бар. Олардың биіктігі 30 метрден асады. Қабырғаларына Құран аяттары, хадистер, жыр жолдары жазылған.

Естеріңізге сала кетейік, Ауғанстанда 3 қарашаға қараған түні қуатты жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпуі Қазақстанның оңтүстік облыстарындағы тұрғындар да сезді.

Сондай-ақ оқыңыз