
Bek Air ұшағы апатында қайтыс болған ұшқыш Марат Мұратбаев пен Миржан Молдақұловтың жесірлері сотта сөйледі.
Айта кетейік, апат салдарынын 12 адам қаза тапты. Мемлекеттік айыптау болған апатқа марқұм екі ұшқыш кінәлі деп санайды.
Марқұм екі ұшқышқа Қылмыстық кодекстің 344-бабы 3-бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген айып тағылған. Бұл бапта әуе көлігі жүрісі немесе оларды пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жағдай көрсетілген.
«Қызым екі жасында әкесіз қалды»
Жарыссөзде марқұм Миржан Молдақұловтың жесірі Зауреш Молдақұлова ұшқыштар қолынан келгенін істегенін айтты.
«Жәбірленушілер неге ұшқыштарды айыптағысы келеді? Біз де жәбірленушіміз. Күйеуім қайтыс болған кезде қызым небәрі екі жаста еді. Қызым әлі күнге дейін әкесін іздейді. Жалғыз қалғысы келмейді, қорқады. Ұшқыштар қолынан келгеннің бәрін істеді. Әуежай маңындағы үй болмағанда, бәрі аман қалар ма еді…», – дейді Молдақұлова.
Әйел күйеуінің өліміне тергеуші кінәлі деп санайтынын айтты.
«Күйеуім көптеген жарақат алып, миы шайқалып, ауруханада жатқан кезде операциядан кейін тергеуші сұрақтың астына алды. Бұл адамды азаптауға тең. Бізге де қысым көрсетті, қорқытты», – дейді әйел.
Бұған дейін марқұм ұшқыштың қызы Kursiv.Media тілшісіне тергеудегі заңбұзушылықтар туралы айтты.
«Қомақты ақша ұсынғандар болды»
Ал ұшқыш Марат Мұратбаевтың жесірі күйеуінің басқалардың өмірін сақтап қалу жолында қаза тапқанын айтты. Әйел бәзбіреулердің үйіне келіп, қорқытқанын жеткізді.
«6 жыл бойы не істедіңіздер? Әуежай, заңсыз салынған үйлерге неге қызығушылық танытпайсыздар? Бізде ұшқыштарды ешқашан ақтап шыққан емес. Олар өліп кетті, ештеңе айта алмайды. (…) Маған хабарласып, құжатқа қол қойып беруім үшін қомақты қаражат ұсынғандар да болды. Бұлай болмауы керек. Біз де ең жақын адамымыздан айырылдық. Әлі күнге дейін ес жия алмай жүрміз», – дейді Мұратбаева.
Bek Air ұшағы құлады
2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыда Fokker 100 ұшағы апатқа ұшырады. Алматыдан елордаға шыққан ұшақ таңғы 07:22 кезінде бетон қоршауды бұзып, екі қабатты құрылыс нысанына соқтығысқан. Әуе апаты салдарынан 12 адам қаза тапты. Ұшақ бортында 93 жолаушы мен экипаждың 5 мүшесі болған.