Жаңалықтар

Bek Air ісі: адвокаттар марқұм екі ұшқышты ақтауды сұрады

Bek Air ұшағы апатынан кейін қозғалған іс бойынша жарыссөз өтіп жатыр/фото: shutterstock

Bek Air ұшағы апатынан кейін қозғалған іс бойынша жарыссөз өтіп жатыр. Апат салдарынын 12 адам қаза тапты, 50-ге тарта адам жарақат алған. Прокурор апатқа екі ұшқыш кінәлі деп санайды.

Бұған дейінгі сот отырысында прокурор ұшқыш Марат Мұратбаев пен Миржан Молдақұловты кінәлі деп тануды сұрады.

Адвокаттар не дейді?

Жарыссөзге жәбірленушілер атынан адвокат Нұрлан Халиков пен Сергей Державец қатысып жатыр.

Халиков қайтыс болған ұшқыштарды ақтауды сұрады. Ал «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ қызметкерлеріне қатысты материалдарды жеке өндіріске бөліп, қылмыстық кодексінің 254-бабы (міндетін адал атқармау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу үшін жолдауды сұрады.

«Қылмыстық іс материалдарында Ришат Қалибекке (ұшақ соқтығысқан үйдің иесі – ред.) қатысты қылмыстық қудалауды тоқтату туралы қаулы бар. Оның іс-әрекеттері Қылмыстық кодексінің 279-бабының 2-бөлігі бойынша сараланған. Қаулыда Fokker 100 ұшағы ұшу-қону жолағынан шығып, Алматы қаласы әуежайының санитарлық-қорғау аймағында орналасқан Ришат Қалибекке тиесілі және оның өз күшімен салынған екі қабатты тұрғын үйге соғылғаны айтылған.

Бұл үй әуежай аумағының оңтүстік-шығыс жағындағы қоршауға өте жақын орналасқан. Ұшақтың үйге соғылуы салдарынан Fokker 100 әуе кемесі қирап, 47 адам жараланып, 12 адам қаза тапқан.

Ришат Қалибек салған екі қабатты үй Алматы қаласы әуежайының санитарлық-қорғау аймағында орналасқан, ол ешқандай рұқсат құжатынсыз, яғни өз бетінше 2015-2019 жылдары салынған. Ол уәкілетті мемлекеттік органдардан, соның ішінде ҚР Көлік министрлігі мен Алматы облысы Талғар ауданының әкімдігінен, сондай-ақ «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ-мен келісім алмай құрылыс жүргізген.

Осылайша, Ришат Қалибекке сәулет-құрылыс қызметі саласындағы белгіленген нормалар мен талаптарды бұзғаны абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан деген (Қылмыстық кодексінің 279-бабы 2-бөлігі (құрылыс кезінде норматив талаптарын бұзу) айып тағылған.

Осыған байланысты, сол рейстегі 12 жолаушы бір рет экипаждың кінәсінен, екінші рет Ришат Қалибектің кінәсінен қаза табуы мүмкін емес», – деді сотта Нұрлан Халиков.

Сонымен қатар сотқа дейінгі тергеуге тиісті прокурорлық қадағалау болмағанына байланысты жеке қаулы шығаруды сұрап отыр.

Ал адвокат Сергей Державец ұшқыштар Марат Мұратбаев пен Миржан Молдақұловты қылмыстық кодекстің 344-бабы 3-бөлігі бойынша кінәсіз деп тануды сұрады. Бұл бапта әуе, теңіз немесе өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу әрекеті көрсетілген.

«Олардың әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты Мұратбаев пен Молдақұловты ақтауды сұраймын. «Алматы халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамының және Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істі жеке өндіріске бөліп шығаруын сұраймын, себебі олардың іс-әрекетінде Қылмыстық кодекстің 254-бабында көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар», – дейді Державец.

Тағы бір жәбірленушінің өкілі Жаннета Камелева әріптестерінің бұл пікіріне келіспейді.

«Ұшқыштардың әрекеті әуе кемесінің бағытын өзгертуге алып келді. Біз үйді тек оның заңсыз салынғаны қарап кінәлі деп есептей алмаймыз. Ұшақ қандай да бір себеппен ұша алмай, бағытын өзгертіп кеткен», – деді Камелева.

Bek Air ұшағы құлады

2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыда Fokker 100 ұшағы апатқа ұшырады. Алматыдан елордаға шыққан ұшақ таңғы 07:22 кезінде бетон қоршауды бұзып, екі қабатты құрылыс нысанына соқтығысқан. Әуе апаты салдарынан 12 адам қаза тапты. Ұшақ бортында 93 жолаушы мен экипаждың 5 мүшесі болған.