27 млн тонна астық жиналды: сапасы қандай

2025 жылғы егін науқаны Қазақстан ауыл шаруашылығы үшін табысты жыл болды. Ел бойынша 16 млн гектар егіс алқабынан гектарына орта есеппен 17 центнерден өнім алынып, барлығы 27 млн тонна астық қамбаға құйылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.
Жиналған астық арасында бидай негізгі үлесті иеленіп отыр. 12,2 млн гектардан жиналған бидай көлемі 20,3 млн тоннаны құрады. Яғни өткен жылмен салыстырғанда шамамен 500 мың тоннаға көп.
Бұл ретте бидайдың егіс көлемі 900 мың гектарға қысқарғанына қарамастан, өнім көлемі артқан. Мұндай нәтиже соңғы жылдары шаруалар кеңінен енгізіп жатқан озық агротехнологиялардың тиімділігін дәлелдейді.
Астықтан бөлек, өзге дақылдар бойынша да оң динамика байқалды. Биыл 4 млн тонна арпа, 1 млн тонна бұршақ дақылдары, 4,3 млн тонна майлы дақыл жиналды. Бұл майлы дақылдар бойынша рекордтық көрсеткіш саналады, ал егін жинау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Көкөніс және бақша өнімдерінің көлемі де жоғары: 2,9 млн тонна картоп, 3,8 млн тонна көкөніс және 2,6 млн тонна бақша дақылдары жиналды.
Мақтаның орташа өнімділігі гектарына 30 центнерге жетіп, жалпы 428 мың тонна шитті мақта бастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 42%-ға көп.
«Кейбір шаруашылықтар тамшылатып суару технологиясының арқасында гектарынан 50 центнерге дейін өнім алған. Мұндай әдістер мақта өндірісінің тиімділігін арттыруға және суды үнемдеуге айтарлықтай ықпал етуде», – деді министр.
Астық экспорты артты
Өткен маусымда Қазақстан астығының сыртқы жеткізілімі 47%-ға өсіп, 13,4 млн тоннаға жетті. Бұл өсімге экспорттық субсидиялау бағдарламасы маңызды рөл атқарды. Бағдарламаның мерзімі 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін ұзартылып, қазақстандық астықтың халықаралық нарықтағы позициясын нығайтуға мүмкіндік берді.
Қазіргі таңда қазақстандық астық Еуропа мен Азия елдеріне жеткізіліп жатыр. Атап айтқанда, Бельгия, Португалия, Польша, Норвегия және Ұлыбритания елдеріне алғашқы партиялар экспортталды.
Сонымен қатар, Вьетнам мен Біріккен Араб Әмірліктеріне, Солтүстік Африканың Марокко, Алжир және Египет сияқты елдеріне де жеткізілім артты. Бұрын азайып қалған экспорт бағыттары да қайта жанданды: Иран, Әзербайжан, Грузия және Армения нарықтарына астық жөнелтілімі қайта қолға алынған. Жалпы алғанда, жаңа өнімнен 2,2 млн тонна астық экспортталып, бұл өткен жылмен салыстырғанда 21%-ға көп.
Республика бойынша астық сақтау сыйымдылығы 30,7 млн тоннаны құрайды, оның ішінде 13,3 млн тоннасы – лицензияланған кәсіпорындарда, 17,4 млн тоннасы – ауыл шаруашылығы өндірушілерінде. Жаңа өнімнен элеваторларға 7,7 млн тонна астық тапсырылған, бұл былтырғыдан екі есе артық.
Жиналған астықтың 12%-ы сапасыз
Сақтауға өткізілген жұмсақ бидайдың 53%-ы жоғары сапалы, 35%-ы төртінші сыныпқа жатады, ал 12%-ы төменгі және сыныпсыз астық.
Өткен жылмен салыстырғанда жоғары сапалы астық үлесі сәл азайғанымен, төмен сапалы өнімнің үлесі де қысқарған.
Сонымен қатар министр биыл шаруаларға жеңілдетінген несие беру бағдарламасы жалғасын табатынын айтты.