
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) қараша айында банктердің депозит мөлшерлемелерін одан әрі көтеруі мүмкін дейді. Бұл үрдіс Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтерген соң байқалып отыр. Қазан айының қорытындысы бойынша жеке тұлғалардан салым қабылдайтын 19 банктің жетеуі бойынша сыйақы мөлшерлемесін көтерген. Ең жоғары пайыз – 19,8, ол алты айлық салымға тиесілі.
Базалық мөлшерлеменің әсері
Қор мәліметінше, базалық мөлшерлеме өскен сайын банктер депозит арқылы қаражат тарту үшін клиенттерге тиімді шарт ұсынуға тырысады.
«Ұлттық банктің шешімінің нарыққа таралуына уақыт қажет. Сондықтан алдағы айда да мөлшерлемелердің өсуі жалғасуы мүмкін», — делінген Қордың қазан айындағы шолуында.
Еркін салымдар
Еркін депозиттерді 18 банк ұсынады. Бұл салым түрі салымшыға шоттағы ақшаны қалаған уақытта толықтыру және бөлігін шешіп алуға мүмкіндік береді. Қазан айында үш банк осы бағыттағы мөлшерлемелерін көтерген. Қазір бұл сегментте ең жоғары сыйақы 12 айлық мерзімге 16%, ең төменгісі — 13%.
Мерзімді салымдар
Мерзімді депозиттер бойынша ең жоғары табыс 18%-ға жетеді (ірі банк, 3 айға), ал ең төменгісі — 7% (орта банк, 24 айға). Ең сұранысқа ие мерзім — 12 ай, мұнда мөлшерлемелер 13,5–15% аралығында. Бұл сегментте алты банк жұмыс істейді, бірақ қазан айында олар ставкаларды өзгертпеген.
Жинақ салымдар
Қаражатты мерзімінен бұрын шешіп алу мүмкіндігі жоқ жинақ депозиттер бойынша біршама өзгеріс болды. Оларды 10 банк ұсынады, төртеуі сыйақыны арттырды.
Толықтыру құқығы жоқ жинақ салымдардың пайызы көп өсті: бес банк мөлшерлемені көтерді. Ең жоғары табыстылық — 19,8%, болса, ең төменгі мөлшерлеме — 6,3%.
Қазір Қазақстанда депозиттер нарығында 3 ірі, 6 орта және 9 шағын банк жұмыс істейді.Ірі ойыншылардың нарықтағы үлесі 10%-дан асады.
Қазақстанда депозиттерге кепілдік беру жүйесі құрылған 25 жыл ішінде халықтың жинағы қарқынды өсті. Егер 1999 жылы жеке тұлғалардың депозиттері небәрі 53 миллиард теңге болса, 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 24 триллион теңгеге жетіп, 460 есе артты.