Депутаттар жақтырмайтын «Самұрық-Қазынаға» Бектенов неге ара түсті

Мемлекеттік сатып алу саласында Мәжіліс депутаттары мен Үкімет басшылығы келіспей тұрған бір мәселе бар. Депутаттар алып қорды «жеке бизнеспен жағаласып отыр» деп айыптайды. Алайда Үкімет басшысы Олжас Бектенов екі жақты дауда «Самұрық-Қазынаны» қорғап сөйлейді.
Олжас Бектенов 2024 жылы 1 шілдедегі «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңы бойынша жеке кәсіпкерлік субъектісі саналатын кемі екі әлеуетті өнім беруші өтінім берсе, веб-портал мемлекеттік кәсіпорын болып табылатын өнім берушілердің өтінімдерін автоматты түрде қабылдамауы көзделгенін хабарлайды. Бұл норманы қолданудың тәртібі мемлекеттік сатып алуды іске асыру қағидаларында көрсетілген.
«Компания акцияларының мемлекетке тиесілі екені оның құрылтай құжаттарындағы (құрылтайшылар туралы мәліметтер арқылы) немесе акцияларды ұстаушылар тізілімінен алынған үзінді көшірмедегі деректер арқылы анықталады. Онда қатысушы не акционер ретінде Үкімет, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті, орталық мемлекеттік орган немесе жергілікті атқарушы орган көрсетіледі. Осылайша, «Самұрық-Қазына «ҰӘҚ» АҚ акциялары мемлекетке тиесілі болғандықтан, мемлекеттік сатып алуға қатысуды шектеу жөніндегі ережелер қордың өтінімдеріне ғана қолданылады. Өз кезегінде қордың еншілес кәсіпорындарының сатып алуға қатысуын шектеу қордың қаржылық орнықтылығының, инвестициялық тартымдылығының және жеткізілетін қызметтер сапасының төмендеуіне, сондай-ақ жұмыс орындарының, мемлекеттік бюджетке дивидендтердің қысқаруына және өзге де жағымсыз әлеуметтік салдарға әкеп соғуы мүмкін екенін атап өтемін», – дейді Олжас Бектенов.
Депутаттар талабы
Еске сала кетейік, бұған дейін Президент «экономиканы либерализациялау шаралары туралы» жарлығында меншік түріне қарамастан барлық кәсіпкерлерге тең мүмкіндік жасау міндетін қойылғанын «Ақ жол» депутаттары айтқан еді. Олардың сөзінше, бұл үшін мемлекеттік сатып алуда «сары беттер» қағидаты енгізілді. Оған сәйкес, егер жеке кәсіпкерлік субъектілерінен кемінде екі өтінім түссе, мемлекеттік компаниялардың өтінімдері қабылданбайды. Осы талаптарды орындау мақсатында «Ақ жол» партиясы «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заңға түзету енгізген. Оған сәйкес, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің өтінімдері болған жағдайда, мемлекеттік кәсіпорындар, мекемелер, сондай-ақ акциялар үлесінің 50 пайызынан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар конкурс рәсімдеріне қатыса алмайды. Веб-портал мұндай квазимемлекеттік ұйымдардың өтінімдерін автоматты түрде қараусыз қалдырады.
Осы түзету Парламент тарапынан қолдау тауып, заңда бекітілген. Алайда депутаттардың айтуынша, Қаржы министрлігі 2024 жылы 9 қазандағы «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығында заңға формалды түрде сілтеме жасағанымен, іс жүзінде талапты тарылтып жіберген. Министрлік квазимемлекеттік компанияларға тек тікелей акционерлер арқылы баға беруді енгізген, яғни Үкімет, Мемлекеттік мүлік комитеті, мемлекеттік органдар немесе әкімдіктер ғана есепке алынды.
Депутаттардың сөзінше, осыдан кейін «Самұрық-Қазына» қорының компаниялары бұл шектеуге ілікпеген. «Олар тағы да мемлекеттік сатып алуға қатысып, жеке бизнеспен жағаласып отыр» деп есептейді олар.
«Ақ жол» демократиялық партиясы Қаржы министрлігі өз ісәрекеттерімен заң шығарушының еркіне және Мемлекет басшысының нақты тапсырмасына қарсы әрекет етті деп санайтынын айтқан. Олар осыған байланысты Қаржы министрінің бұйрығымен бекітілген мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға толық сәйкестендіруді талап еткен еді.