Елдегі мектептерде суда жүзу міндетті пән болуы мүмкін

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media архиві

2026 жылға қарай Қазақстанда мектеп бағдарламасына жүзу сабақтарын енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылмақ. Жаңа бастама Оқу-ағарту министрлігі мен Qazaq Aquatics федерациясының бірлесуімен жүзеге асады. Бұл жоба тек спортты дамытумен шектелмей, балалардың қауіпсіздігін арттыруға да бағытталған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2024 жылы әлем бойынша 236 мыңнан астам адам суға батып қайтыс болған, оның 82 мыңы – 1 жастан 14 жасқа дейінгі балалар. Qazaq Aquatics федерациясының бас хатшысы Дмитрий Баландиннің айтуынша, бұл алаңдатарлық көрсеткіштер жас ұрпақты жүзу мен суда қауіпсіздік ережелеріне үйретудің маңыздылығын айқын көрсетеді.

Пилоттық бағдарлама бірінші Алматы мен Астанада іске қосылады. Кейін жоба еліміздің барлық өңірінде кезең-кезеңімен енгізілмек. Жоба АҚШ, Аустралия және Венгрия елдерінің үлгісінде әзірленген. Бұл елдерде жүзу сабақтары білім беру жүйесінің ажырамас бөлігіне айналған және суда болатын жазатайым оқиғаларды азайтуда тиімділігін көрсеткен.

«Бағдарламаны іске асыру балаларға ерте жастан бастап суда қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыруға, сондай-ақ оларды салауатты өмір салтының бір бөлігі ретінде спортқа тартуға мүмкіндік береді», — деді Баландин.

Бүгінде Қазақстанда 360-тан астам бассейн бар, оның 35-і олимпиадалық стандартқа (50 метр) сай келеді. Су спорты түрлері жүйесінде 135 мыңнан астам адам айналысады, олармен 900-ден аса білікті жаттықтырушы жұмыс істейді.

Сондай-ақ оқыңыз