Жаңалықтар

Каспий теңізінде итбалықтар тағы қырылып жатыр

Берег Каспия усыпан мертвыми тюленями
Фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында, Каспий жағалауында 112 итбалық өлексесі табылды. Баутино тұрғындары дабыл қақты, ал жергілікті экологтар апат болған орынға барды.

Итбалықтар неге қырылды

Экология департаментінің мамандары 3 қарашада Түпқараған ауданындағы Форт-Шевченко мен Баутинода теңіз суының тексеруге кірісті. Олар балық шаруашылығы өкілдерімен бірге Асан ауылынан бастап, Баутино мүйісіне дейінгі аралықты шолып шықты.

«Түпқараған ауданындағы теңіз жағалауынан 112 бас Каспий итбалығының өлексесі табылды», – деп хабарлады департамент.

Бір күн бұрын Каспий теңізінде итбалық қырылып жатқанын жергілікті тұрғындар айтқан. Адамдар бірнеше итбалықтың балық аулайтын торға оралып қалғанын көрген.

Каспий суының ластануы

Экологтардың мәліметінше, итбалықтардың қырылуына теңіздегі мұнай өндіру, судың ластануы сияқты факторлар әсер етеді. Қоршаған орта ластанып, итбалықтың иммунитеті әлсірейді, содан олар ауруға тез шалдығады.

Каспий теңізінде нақты қанша итбалық қалғаны туралы мәлімет жоқ. Мұнда 75 мыңнан 300 мыңға дейін итбалық бар деп болжанған. XX ғасырдың басында теңізде 1 миллионға жуық итбалық өмір сүрген.

2000 жылдан бері Каспий жағалауында 2 мыңнан астам итбалық өлексесі табылған.