Киік еті алдағы уақытта ірі дүкен сөрелерінде сатыла бастайды

Алдағы уақытта киік еті супермаркет сөрелерінде сатылуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин мәлімдеді.
Оның айтуынша, елде жүргізілген ветеринарлық мониторинг нәтижесінде жануарлар арасында ауру анықталмаған. Сондықтан киік етін сатуға шектеу жоқ.
«Біз барлық өңірдегі жағдайды бақылауда ұстаймыз. Қазіргі таңда ешқандай қауіпті індет тіркелмеді. Сол себепті киік еті еркін түрде өткізіледі. Болашақта оның сату желісі кеңейтіледі», – деді Бердалин.
Оның айтуынша, алдағы уақытта ірі сауда орындарында да киік еті мен одан жасалған өнімдер сатыла бастайды.
Қазір Қазақстанда киік етін өңдеумен 15 ет комбинаты айналысады. Бұл кәсіпорындар ветеринарлық және санитарлық талаптарды сақтай отырып, өнімді ішкі нарыққа жеткізеді.
2025 жылғы шілдеде Батыс Қазақстанда ақбөкен ату науқаны басталды. Шамамен сол уақытта Оралда ол еттен шұжық жасайтын өндіріс іске қосылған.
Қыркүйектің аяғында Атырау қаласындағы ескі базарда киік еті сатыла бастаған.