Көктайғақ: Ақмола мен Қарағандыда көлік жылдамдығы шектелді

4 қарашада түнде Ақмола мен Қарағанды облыстарында ауа райының нашарлауына байланысты бірнеше автожолда жылдамдық шектелді. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» хабарлады.
Мекеме мәліметінше, түнгі сағат 00:30-дан бастап Ақмола облысында республикалық маңызы бар «Астана – Қарағанды – Алматы» автожолының 30-92 шақырым аралығында (Жібек жолы ауылынан Анар стансасына дейін) көліктің барлық түрлері үшін жылдамдық шектеуі 140 км/сағ-тан 80 км/сағ-қа дейін төмендетілді.
Дәл осындай шектеу Қарағанды облысында да енгізілді. 4 қарашада түнгі сағат 1-ден бастап «Астана – Қарағанды – Алматы» автожолының 92-164 шақырым аралығында (Анар стансасынан Теміртау қаласына дейін) көліктің барлық түрлері үшін жылдамдық шектеуі 140 км/сағ-тан 80 км/сағ-қа дейін төмендетілді.
Екі өңірде де көлік қозғалысын шектеу 4 қараша таңертең сағат 9-ға дейін созылады деп жоспарланған.
Сонымен бірге «ҚазАвтоЖол» жазғы шиналармен жолға шықпау керектігін ескертіп отыр. Өйткені көліктердің көктайғақтан жолдың шетіне шығып кеткені туралы хабарламалар жиі түсіп жатыр.