
Бұрынғы Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Моңғолиядан сатып алмақ болған 500 мың ешкі әлі елге жеткізілмеді. Бұл туралы Ауыл шаруашылық министрі Айдарбек Сапаров айтты.
Осыған дейін Мұрат Нұртілеу Улан-Баторға сапары кезінде сол елден ешкі сатып алу туралы келісімге отырған. 500 мың бас ешкі сатып алу жобасы «агроөнеркәсіп кооперациясын құруды» көздейді. Министр Сапаров ешкілерді елге жеткізу біршама кешеуілдейтінін айтты.
«Біз ол кісімен (авт-Мұрат Нұртілеу) бірге жұмыс жасаған болатынбыз. Қазіргі уақытта Моңғолиямен келісім жүргізіп жатырмыз. Әзірге ол мемлекет жабық, оны ашу үшін біраз құжаттарды дайындап, қолайлы аумағын таңдап жатырмыз. Алдымен инспециялық бақылау жасаймыз»,– деді министр Kursiv.media тілшісінің қойған сауалына.
Айдарбек Сапаров моңғол ешкісіне не себепті қызығушылық туындап отырғанын да айтып өтті.
«Ешкілердің түбіті жақсы. Оны аламыз деген шаруашылықтар бар. Әрине мемлекеттің ақшасына алынбайды, біз керек болса оларға несие береміз. Абай, Алматы облыстарынан қызығушылық танытқан шаруалар бар. Келесі жылы жазғытұрым уақытқа қарай толық шешіледі деген ойдамын»,– деді Сапаров Үкімет брифингінде.
Бағасы қанша
Министрдің айтуынша моңғолиялық ешкілердің орташа бағасы 50 мың теңгенің шамасында болады.