Өскемен-Риддер тас жолында апаттан бес адам қаза тапты

Шығыс Қазақстан облысында жүк көлігімен жеңіл көлік соқтығысып, бес адам қайтыс болып, бір адам зардап шекті, деп хабарлайды облыстық полиция баспасөз қызметі.
Апат 4 қарашада Өскемен-Риддер автожолының 48-ші шақырымында болған. ZIL жүк көлігі мен Toyota Estima жеңіл көлігі соқтығысқан. Апат салдарынан бес адам қаза тауып, бір жәбірленуші ауруханаға жеткізілді.
Полиция сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады. Қаза тапқандардың кім екенін, сондай-ақ, болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтайды.
«Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға, белгіленген жылдамдықтан аспауға, ауа райы жағдайлары мен техникалық қауіпсіздік талаптарын ескеруге шақырады», – делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, 23 қазан күні таңертең «Самара-Шымкент» автожолының 927 — ші шақырымында DAF жүк көлігі мен «Газель» жолаушылар көлігі соқтығысқан. Апаттан екі жүргізуші мен 8 ересек, 2 кәмелетке толмаған жолаушы қайтыс болған. Құрбан болғандардың барлығы – Ақтөбе облысының тұрғындары.