Қостанайда тойға келген 86 адам ішек індетін жұқтырды

Қостанайда тойға келген 86 адам ішек індетін жұқтырды. Арқалықтағы «Жайна» кафесіндегі тойдан сарқыт жеген 16 адам да ауырған.
«Наша газета» ақпаратына қарағанда, зардап шеккендердің барлығына «сальмонеллез» диагнозы қойылды.
Қостанай облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлім Досымованың сөзіне қарағанда, бұл оқиға бойынша нысанға қатысты эпидемиологиялық зерттеу жүргізіліп отыр.
«Тағам мен судан зертханалық сынамалар алынды. Бірақ қоздырғыштар табылған жоқ. Қоршаған орта нысандарынан 40 сынама алынып, оның жетеуінен ішек таяқшасы тобының бактериялары анықталды. Бұл нысанның санитарлық-гигиеналық жағдайының нашар екенін көрсетеді. Сонымен қатар 11 қызметкер тексерілді. Олардың екеуінен науқастардағы бактериямен бірдей сальмонелла табылды. Демек, инфекцияның ықтимал көзі – кафенің қызметкерлері», – дейді маман.
Сальмонелла табылған екі қызметкер медициналық көмекке жүгінбеген. Олар «жасырын тасымалдаушылар» болып шықты. Яғни ауру белгілері байқалмағанымен, инфекцияны таратып жүрген.
Мұның алдында Жаңаөзенде 100 бүлдіршін балабақша тамағынан уланған болатын.