Lifestyle

Қытайлық Geely-дің тағы екі моделі Қазақстанда құрастырылады

Фото: «Қытай автокөліктері» порталы

Geely Preface седаны мен Geely электрлі кроссоверін Қазақстанда құрастыру жоспарланып отыр. Бұл модельдерге көлік құралының типін бекіту туралы рұқсатты «СарыарқаАвтоПром» зауыты рәсімдеді. Бұл туралы Kursiv.Media «Қытай автокөліктері» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұған дейін Қостанайдағы кәсіпорын Geely Cityray шағын кроссоверін сертификаттаудан өткен болатын. Жақын уақытта бұл модель Kia, Chevrolet, JAC, Jetour және Skoda маркаларымен қатар конвейерге қойылуы мүмкін. Енді Kazstandart деректер базасын мониторингтеу барысында тағы екі Geely көлігі көлік құралының типін бекіту туралы куәлік (ОТТС) алғаны белгілі болды.

Geely Preface және EX5 Қазақстанда сертификатталды

Geely автокөліктерінің Қазақстанда құрастырыла бастайтыны жайлы ақпарат 2023 жылдан бері айтылып келеді. «СарыарқаАвтоПром» зауыты Geely-дің үш бірдей моделіне көлік құралының типін бекіту туралы куәлік (ОТТС) рәсімдеді. Еске салайық, бұл құжат Қазақстан мен ЕАЭО елдерінде көлік құралдарының техникалық паспорттарын алып, сатылымға шығару үшін қажет.

10 қазаннан бастап Қазақстанда Geely Preface және EX5 модельдеріне тағы екі ОТТС күшіне енеді. Екі құжат та бір жыл мерзімге берілген.

Geely Preface

«СарыарқаАвтоПром» зауыты Geely Preface седанының жаһандық нарықтарға арналған нұсқасын сертификаттады. Қытайда бұл көлік Preface L атауымен белгілі. Автокөлік ұзын әрі аэроқалыпты шанақпен, айқын доғаланған төбе сызығымен, ірі радиатор торымен және жіңішке жарықдиодты шамдармен ерекшеленеді. Preface-тің нақты өлшемдері: ұзындығы – 4825 мм, ені – 1880 мм, биіктігі – 1469 мм, ал дөңгелек базасы – 2800 мм.

Фото: «Қытай автокөліктері» порталы

Автокөлікке Aurobay Technology компаниясы өндірген JLH-4G20TDG маркалы 2 литрлік қозғалтқыш орнатылған. Қуаты 200 ат күші, айналу моменті 325 Нм. Қозғалтқыш 7 сатылы роботтандырылған беріліс қорабымен үйлескен. Жетек тек алдыңғы. Седан 100 км/сағ жылдамдыққа 7,1 секундта жете алады.

Geely EX5

Geely EX5 «СарыаркаАвтоПром» зауытында құрастыруы жоспарланған брендтің үшінші моделі. 2024 жылдың тамызында Қытай нарығында Galaxy E5 атауымен шыққан электрлі кроссовер. Бір жылдан астам уақыт ішінде бұл модель Ресей, Беларусь секілді шамамен 30 елде таныстырылды. Жақын арада EX5 Қазақстанда да сатылымға шығуы мүмкін.

Фото: «Қытай автокөліктері» порталы

Geely EX5 моделі арнайы электромобильдер мен гибридтерге арналған GEA модульді архитектурасы негізінде жасалған. Автокөлік минималистік дизайнға ие, алдыңғы бөлігі жабық, ал есік тұтқалары жасырылған түрінде. Көліктің нақты өлшемдері: ұзындығы-4615 мм, ені – 1901 мм, биіктігі – 1670 мм, ал дөңгелек базасы – 2750 мм. Кроссоверді 218 ат күшіне ие электр қозғалтқышы қозғалысқа келтіреді. 100 км/сағ жылдамдыққа дейін 6,9 секундта жете алады. 60,2 кВт·сағ сыйымдылығы бар батарея бір толық қуатпен 430 шақырым жол жүруге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстандағы Geely брендінің модельдік қатарына 6 көлік кіреді. Олар: Emgrand седаны және Coolray, Atlas, Okavango, Monjaro кроссоверлері.

Осыған дейін Geely Coolray мен Emgrand модельдері Алматыдағы зауытта құрастырылатыны жайлы жазған едік.