«Шахтёр», «Қайсар», «Жеңіс»: футбол клубтары дәулеттілер қолына өтіп жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
футбол клубтары жекешелендіру инвестиция
Коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда бірнеше футбол клубы жеке қолға өтеді. Олардың арасында «Шахтёр», «Қайсар», «Жеңіс», «Қызыл-Жар» секілді ірі командалар бар. 4 қарашада Футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория үкімет отырысында осылай деп мәлімдеді.

«Қайсар» сатылып кетті

Ұлттық құраманың бұрынғы қақпашысы Лорияның айтуынша, футбол клубтарын жекешелендіру туралы тапсырысты президент Ұлттық құрылтайда берген. Қазірдің өзінде «Қайсар» (Қызылорда) жеке қолға өткені мәлім болды.

«2025 жылғы 30 қазанда «Қайсар» футбол клубы ресми түрде жеке қолға беріліп, Исламғали Қозбақовтың «TAU Group LTD» компаниясына басқаруға берілді. Қала әкімдігі футбол академиясының құрылысына жер бөлді. 12 млрд теңге инвестиция салынады», – деді Лория.

Айта кетейік, «Қайсар» биылғы республика біріншілігінде 11-орын алған.

«Қызыл-Жар» кімге бұйырады

Ал Петропавл қаласының футбол клубы осы аптада жеке қолға өтеді.

«Қызыл-Жар СҚ» футбол клубын жекешелендіру 7 қарашаға дейін аяқталады. Инвестор клубты, инфрақұрылымды дамытуға, жас маман дайындауға жыл сайын кем дегенде 1 млрд теңге құйып отыруға уәде берді», – дейді федерацияның бас хатшысы.

Алайда ол инвестордың аты-жөнін атаған жоқ. Мәліметтерге қарағанда, жергілікті клубқа Сергей Канға тиесілі «Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы» қызығып отыр.

«Жеңіс» те сатылады

Бұған қоса, ел біріншілігін алтыншы орынмен аяқтаған «Жеңіс» (Астана) командасы да инвесторға өтетіні мәлім болды.

«Астана әкімдігі «Жеңіс» клубы үшін заманауи футбол академиясын салуға жер бөлді. Сонымен бірге меншікті жеке қолға беру ісі 15 қарашаға дейін аяқаталуы тиіс», – дейді экс-футболшы.

Әзірге астаналық мықты команданың нақты кімнің қолына өтетіні ресми түрде жарияланбады. Дегенмен Kaspi Group (оның үлес иелерінің бірі – Михаил Ломтадзе) «Жеңіс» клубын сатып алып, футбол инфрақұрылымын дамытуға қаржы құйғысы келетіні мәлім.

Лория қарағандылық командаға шамамен 16 млрд теңге инвестиция құйылатынын айтып өтті. Қаражат академия құруға, балалар футболын дамытуға жұмсалады.

«Шахтёр» аукционда сатылады

Бірінші лигаға түсіп қалған «Шахтёр» футбол клубы аукционда сатылғалы жатыр. Лорияның айтуынша, клуб мүлкі бағаланған. Қарашада Қарағанды облысының мәслихатында клубты жекешелендіру жөнінде қоғамдық тыңдау өтеді.

«Соның нәтижесінде сату туралы аукцион ұйымдастырылады. 18 млрд теңге инвестиция тартылады. Оның 12 млрд теңгесі футбол академиясы құрылысына, 6 млрд теңгесі өңірде жастар футболын дамытуға жұмсалады», – деп мәлімдеді федерацияның бас хатшысы.

Жалпы алғанда футболға 45 млрд теңге инвестиция тарту көзделіп отыр.

Қазақстандағы клубтардың барлығы дерлік алдағы екі-үш жылда жеке қолға өтеді. Жақында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров «Ақтөбе» командасы да жекешелендірілетінін мәлімдеген.

Оның алдында премьер-министр Олжас Бектенов Freedom Finance Қарағандының «Шахтер» футбол клубына арнап стадион мен футбол академиясын салуға қызығушылық танытып отырғанын хабарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз