Шаруаларға арзан несие берілмек

Қазақстанда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мақсатында жаңа қаржыландыру тетігі енгізілмек. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, елде көктемгі егіс жұмыстарына ерте қаржыландыру тәжірибесі жалғасып жатыр. Вегетациялық кезеңнің қорытындысы бойынша 1,8 млн тонна минералдық тыңайтқыш енгізілген, бұл ғылыми негізделген қажеттіліктің 56%-ына тең. Элиталық тұқым үлесі де өсіп, 9,5%-дан 11,5%-ға жеткен.
«Ерте қаржыландыру бағдарламасы келесі жылы да іске асады. 1 қазаннан бастап 2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарына өтінім қабылдау басталды. Қарашаның екінші онкүндігінен бастап шаруаларға револьверлік кредит беру жүйесі ашылады. Бұл тетік бір кепілмен жыл сайын несие алуға мүмкіндік береді», — деді Айдарбек Сапаров.
Сондай-ақ министр жеңілдетілген лизинг бағдарламасы арқылы ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жалғасып жатқанын атап өтті. Бағдарлама көлемі 250 млрд теңгеге жетіп, техника паркін жаңарту қарқыны 6,5%-ға дейін өскен.
Соның нәтижесінде соңғы екі жылда ауыл шаруашылығы техникасының тозу деңгейі 80%-дан 70%-ға дейін төмендеген.
Форвардтық бағдарламаға қатысу үшін фермерлер мен агрокәсіпорындардың ауылшаруашылық өнімдерін өсіруде жұмыс тәжірибесі кемінде 2 жыл болуы керек.