Шенеуніктен блогерге дейін: кімдерге жазасын кейін өтеуге рұқсат берілген

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Жазасын кейін өтейтіндердің арасында Бақытгүл Хаменова да бар/коллаж kursiv.media,бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ұлттық араздықты қоздырған блогер Алика Мұхамадиева 3,5 жылға сотталғанымен, жазасын екі жылдан кейін өтейтін болды. Заңда мұны «жаза өтеуін кейінге қалдыру» деп атайды. Елімізде бұған дейін де бірнеше шулы істе қылмыстық кодекстің 74-бабы қолданылған. Kursiv.Media жазасын кейін өтейтін бірқатар азаматқа қатысты ақпаратты жинақтады.

Заңда не жазылған?

Қылмыстық кодекстің 74-бабына сәйкес, жүкті және кішкентай баласы бар әйелдерге, кішкентай баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ер адамдарға жазасын кейін өтеуге мүмкіндік берілген.

Жазасын ең көп дегенде 5 жылдан кейін өтеуге мүмкіндік бар. Қанша жылға кейінге қалдырылатынын сот анықтайды. Бұл жағдайда бала 14 жастан аспауға тиіс.

Кімдердің жазасы кейінге қалдырылмайды?

Заңға сәйкес, бұл топқа мына қылмыстарды жасаған адам кірмейді:

  • Жеке адамға қарсы ауыр немесе аса ауыр қылмыстар;
  • террористік қылмыстар;
  • экстремистік қылмыстар;
  • қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар;
  • жас балаларға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар.

Бақытгүл Хаменова ісі

Атырау облысы әкімінің орынбасары болған Бақытгүл Хаменова Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 2-тармағында (пара алу) көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. 7 жылға сотталған шенеунік жас баласы болғандықтан, жазасын үш жылдан кейін өтейтін болды. Айта кетейік, Бақытгүл Хаменованың 2012 жылы туған ұлы бар.

2022 жылдың 15 қарашасында Хаменова сот залынан үйіне жіберілді. Үкім 2023 жылдың ақпанында күшіне енді.

Арыстанбек Мұхамедиұлы ісі

Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты Астана сотында бірнеше қылмыстық іс қаралды. Соның бірі – «Әлем мұражайларындағы Алтын адамның шеруі» атты халықаралық көрме жобасына қатысты іс. Сотта Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы орынбасары және сыбайластарымен бірге 155 млн теңгеден астам қаражатты жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.

Қылмыстық іс аясында сотталғандардың бірі – Айым Садвакасова. Ол қылмыстық кодекстің 28-бабының 5-бөлігі және 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағындағы (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап етуге көмектесу) қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 7 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған.

Садвакасоваға ҚК-нің 74-бабы 1-бөлігі қолданылған. Осылай сот тағайындаған 7 жыл 1 айға бас бостандығынан айыру жазасы 5 жылға кейінге қалдырылды.

451 млн теңге жымқырған бухгалтер

Шымкентте №88 жалпы орта білім беретін мектептің бас бухгалтері болған Мадина Буранбаева 8 жылға сотталды. Ол 2019-2025 жылдары жалған есеп пен заңсыз төлем жасау арқылы 451 856 870 теңгені иемденген.

Қылмыстық жолмен түскен ақшаға «Chevrolet Cruze», 2 дана «KIA K8», «Hyundai Sonata» 4 автокөлікті сатып алған. Бұл автокөліктерді інісі және құрбысының аттарына олардың шығу тегін жасыру мақсатында рәсімдеген. Сонымен бірге бірнеше жылжымайтын мүлік сатып алған.

Үкім 2025 жылдың 8 тамызында шыққан. Ал апелляциялық сатыда сотталған Буранбаева 14 жасқа толмаған баласының барын айтып, жазасын 4 жылдан кейін өтеуге рұқсат сұраған. Сот алқасы өтінішті ішінара қабылдап, Мадина Буранбаева жазасын 2 жылдан кейін өтейтін болды.

Алика Мұхамадиева сотталды

Мұхамадиева Threads әлеуметтік желісінде қазақтар мен мұсылмандарға қатысты теріс пікірлер жазғаннан кейін сотқа тартылды. Жазбасы көпшіліктің ашуына тиген. Көп ұзамай блогер елден қашпақ болған кезде ұсталған

Қарағанды облысы сотында Мұхамадиева қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігі (әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру) бойынша кінәлі деп танылған.

Блогер Алика Мұхамадиева үш жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімімен жазасын екі жылдан кейін өтейтін болды. Сот блогердің екі жастағы баласы барын ескерген.

Сондай-ақ оқыңыз