Жаңалықтар

«Табысы 100 теңге, үш үйі бар»: салықшылар байлығын жасырғандарды қалай тексереді

Салықшылар байлығын жасырғандарды қалай тексереді / Фото: kursiv.media архиві

Қаржы министрлігі қазақстандықтардың жасырын табысын анықтау үшін цифрлық технологияларды пайдаланбақ. Енді табысы аз болғанымен, үлкен байлыққа ие азаматтар ерекше бақылауға алынады. Бұл туралы мемлекеттік қаржыны цифрландыру тақырыбына арналған брифингте Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов мәлімдеді.

Kursiv.Media тілшісі вице-министрден жасырын табыстарды анықтау үшін қазіргі технологияларды қалай қолданатынын сұрады. Әсет Тұрысовтың айтуынша, бұл мақсатта Big Data негізіндегі технологиялар іске қосылады.

«Бұл – қарапайым логика. Егер азаматтың табысы жоқ болса, мысалы, салық комитетіне жылына небәрі 100 теңге таптым деп мәлімдейді, бірақ сонымен бірге бірнеше пәтері мен көлігі бар болса, жүйе автоматты түрде оны анықтайды», – деді вице-министр.

Тұрысовтың сөзінше, мұндай азаматтар бірден жазаланбайды. Салық органдары алдымен олармен байланысып, табысы мен мүлкі туралы қосымша декларация тапсыруға мүмкіндік береді.

«Біз деректерді өзара салыстыру арқылы осындай аномальды жағдайларды анықтаймыз. Бұл барлық азаматтарға емес, ерекше жағдайларға қатысты. Мысалы, табысы мүлде жоқ, бірақ үш пәтері, екі үйі және он көлігі бар адамға сұрақтар туындайды», – деді ол.

Айта кетейік, Жаңа Салық кодексіне сәйкес, келесі жылдан бастап ютуб немесе тик-токтан табыс табатын блогерлер декларация тапсырып, мемлекетке салық төлеуге тиіс екенін жазғанбыз. Тиісті бұйрықты 28 қазанда қаржы министрі Мәди Тәкиев бекіткен. Құжат 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.