Табыспен бірге шығын да есептеледі: салықшылар жаңа әдіс енгізбек

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
За 30 лет Казахстан стал страной с доходом выше среднего
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда азаматтардың табысын анықтаудың жаңа тәртібі күшіне енеді. Енді салық органдары адамның табысын «кері әдіспен» есептейді. Яғни егер азаматтың ресми табысы мен нақты шығыны сәйкес келмесе, салық қызметі оның нақты табысын шығынына қарап анықтайды.

Қаржы министрінің 2025 жылғы 28 қазандағы бұйрығымен бекітілген жаңа ереже салықшыларға азаматтардың декларацияда көрсеткен табысын олардың өмір салтымен салыстырып тексеруге мүмкіндік береді. Егер бір адам ресми түрде аз табыс көрсетсе, бірақ қымбат пәтер, көлік сатып алып, көп қаржы жұмсаса, оның нақты табысы есептеліп, соған сай салық салынады.

Қалай есептеледі?

Салық органдары үш тәсілді қолданады:

  1. Активтердің өсуі бойынша – адамның мүлкі мен байлығының артуын талдайды;
  2. Шығындарды есептеу бойынша – жыл ішіндегі барлық ірі және жүйелі шығындарды қарайды;
  3. Банк шоттары бойынша – шоттардағы ақша қозғалысын тексереді.

Егер адамның табысы аз, ал шығыны көп болса, салық органдары бұл айырмашылықты нақты табыс ретінде қарастырып, салық көлемін қайта есептейді.

Қандай деректер қаралады

Тексеріс кезінде банктегі шоттар мен аударымдар туралы дерек, мүлік мен көлік, бағалы қағаздар және басқа активтері туралы мәлімет, шетелдегі мүлкі пен қаражаты есепке алынады. Одан бөлек, медицина және оқу шығындары, сақтандыру төлемдері мен әлеуметтік жарналар есептеледі.

Егер сатып алынған мүлік құнын растайтын құжаттар болмаса, салық органдары тәуелсіз бағалаушылардың нарықтық бағасын негізге алады.

Жаңа әдіс бүкіл азаматтарға қолданылады. Әсіресе, ресми тіркелмей, іс жүзінде кәсіпкерлікпен айналысып жүрген адамдарға қатысты бақылау күшейеді. Сондай-ақ есеп-қисабын дұрыс жүргізбеген немесе құжатын жоғалтқан азаматтар да осы тәртіпке ілігеді.

Бұл жүйенің негізгі мақсаты – көлеңкелі табысты азайтып, азаматтардың нақты кірісін ашық көрсету. Салық органдары енді тек декларацияға емес, адамның нақты шығыны мен мүлкіне де сүйеніп шешім қабылдай алады.

Жаңа тәртіп 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Бұған дейін коллекторлар мен микроқаржы ұйымдары салық мекемелеріне азаматтардың салық берешегі туралы мәліметті жолдайтыны белгілі болған.

Сондай-ақ оқыңыз