
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан тоқал алу мәселесін заңдастырып, заңды түрде реттеу керек екенін айтты. Бұл туралы ол Ербол Сейілханға берген сұқбатында сөз қозғады.
«Біреуді жанашырлықпен алып жатқан жоқ. Жап-жас қыздарды тоқал ретінде алады. Сондықтан мен бұған жаныммен-тәніммен қарсымын. Бірақ мен қарсы болды екен деп, сіз қарсы болды екен деп, заңда тыйым бар екен деп тоқтап жатқан адам жоқ. Сондықтан бұны заңдастыру керек деп есептеймін», – деді депутат.
Оның сөзінше, мәселені заңмен реттеу қажет. Алдымен қоғам талқысына салып, содан кейін заңгерлер механизмін, жүйесін шығарғаны жөн.
«Заңда құқықтық нигилизм деген нәрсе бар. Ол заңнының қолжаулыққа айналуы дегенді білдіреді. Енді бізде заңда осы тыйымды ешбір адам Қазақстанда сақтап жатқан жоқ. Заңның осы тыйым нормасы қолжаулық болмағанда несі қалды», – деді Абзал Құспан.
Депутаттың сөзінше, қазір Қазақстанда тоқал құқықтық тұрғыда қорғалмаған. Алимент ала алу, баланы асырау мәселелеріне келген заңды түрде талап ету құқығы шектелген. Ол осы себепті тоқалдыққа рұқсат беру арқылы заңды жауапкершілік жасауды қолдайтынын айтты. Және өзі тоқалдықты қолдамаса да, екінші әйел болып жүрген әйелдердің құқығын қорғау үшін заңды түрде реттеуді қолдайтынын айта кетті.
Бұған қоса, депутат Мәжілісте бұл мәселенің қаралып жатпағанын, жеке өзінің пікірі екенін атап өтті.
Айта кетейік, осыған дейін Қазақстанд үш немесе одан да көп әйел алған танымал азаматтар туралы жазған едік.