Жаңалықтар

Түлкібаста «оқушылар арасында атыс болды»

подросток нож
Түлкібаста «оқушылар арасында атыс болды» / Фото: коллаж Kursiv.Media

Түркістан облысы Түлкібас ауданында атыс болып, бірнеше адам жарақат алды. Оқиға орнында бір адам қайтыс болған. Полиция оқиғаға қатысты күдікті ретінде бір адамды қамауға алды. Екінші адам іздестіріліп жатыр.

Оқиға 2 қараша күні түнде болған. Атыстан 4 адам жарақат алып, олардың бірі қайтыс болды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.

«Оқиға орнына аудандық полиция бөлімінің басшылығы мен жедел-тергеу тобы дереу шықты. Іс-шаралар барысында аз уақыт ішінде күдіктілердің жеке басы анықталды. Олардың бірі ұсталып, қамауға алынды», – делінген полиция хабарламасында.

Оқтан аман қалған үш адам аудандық орталық ауруханаға жеткізілген. Оқ олардың аяғына тиген. Қазіргі уақытта дәрігерлер қажетті медициналық көмек көрсетіп жатыр.

«Жалпы жағдайлары бірқалыпты, орташа ауырлықта. Екеуі палатада, өзін-өзі күтуге қабілетті. Ем тағайындалған көлемде толық жүргізілуде. Динамикасы оң, жалпы жағдайлары жақсару үстінде», – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Полиция оқиғаға қатысты «Адам өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғаған. Оқиғаға қатысы бар екінші адам іздестіріліп жатыр. Болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Бейресми ақпаратқа қарағанда, атыс оқушылар арасында болған. Ал облыстық білім басқармасы әзірге бұл ақпаратты рестамады, жоққа да шығармады.