Түркістан облысында бір отбасының екі баласын пышақтап кеткен

Түркістан облысы Төле би ауданында бір отбасы қара жамылды. Бір ұлы жүрегіне сұғылған пышақтан көз жұмды. Екіншісі саны мен ішінен алған жарақаттан жан сақтау бөліміне түсті. Полиция оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Зағамбар ауылында тал түсте ағайынды екі жігітті пықаштап кеткен. Олардың бірі 19 жастағы Мағжан Бимұрза қайтыс болды. Қара жамылған отбасы әлі күнге ержетіп қалған сүт кенжесінен айырылып қалғанына сенер емес.
Жанжал 29 қазан күні көлік жуу орнында болған. Дау марқұмның ағасына көрші ауылдың жігіті «көлігіңді ал» деп доқ көрсетіп, жұдырықтаудан басталған.
«Көлігімді жуу үшін ауылдағы көлік жуу орталығына бардым. Екі баламен сөйлесіп тұр едім. Көлігімді жуып, сүртіп жатқан. Бір уақытта көрші ауылдың жігіті келіп, дөрекі сөйлеп, балағаттай бастады. «Аға, сабырмен сөйлесейікші» деп көлігімді алуға бара жатыр едім екі жағымнан ұрды. Ернім жыртылып кетті», – дейді марқұмның ағасы Сұлтан Бимұрза.
Ойда-жоқта таяқ жеген 21 жастағы Сұлтан Бимұрза ағасын көмекке шақырған. Ағасы Асылжанмен бірге ілесіп інісі Мағжан да келген. Асылжанның айтуынша, бірінші көрші ауылдың жігітінің қолынан пышақ көргенде секем алып қалған.
«Мағжан екеуміз үйде бау тазалап жүр едік. Інім Сұлтан шақырған соң осында келдік. Келгеннен Наурыз деген жігіттің (Сұлтанды ұрған көрші жігіт – ред. ) қолынан пышақ көрдім. Қорғану мақсатында пышағына жармастым. Пышақ қолымды тіліп жіберді. Осы ауылдың тұрғыны Наурыздың досы Дәурен кедергі етіп, қолымнан тепті, қылқындырды. Сол сәтте Наурыз Мағжанның жүрек тұсынан пышақ сұқты. Оны көрген інім Сұлтан көмекке жүгірді. Наурыз оған да пышақ ала жүгірді. Алысып әуелі санынан, кейін ішіне пышақ сұқты. Шыдай алмай Дәуреннің қолынан шығып, пышаққа ұмтылып едім қайта ұстап алып, теуіп тастады»,– дейді Асылжан Бимұрза.
Оның сөзінше, пышақ сұққан көрші ауылдың жігіті мен оны ұстап қалған ауылдасы бірімен-бірі дос. Оқиға қас-қағым сәтте болған. Мағжан мен Сұлтан жараланғанын көрген соң күдіктілер қашып, бой тасалаған.
Өлім аузында жатқан Мағжан ағасына «құтқаршы» деген. Ес-түссіз жатқан інісі Мағжанды көлігіне салып, дәрігерлерге жеткізуге тырысқан. Ал Сұлтанға сол маңдағы ауылдастары көмектесіп, ауруханаға жеткізген. Алайда Мағжан ауруханаға жеткенше, жолда демі үзіліп, қайтыс болған.
«Ота кезінде іш майының пышақ тиіп жыртылғаны анықталды және ол жерде қанау белгілері бар. Іш майы тігіліп, қан тоқтатылды. Және оң жақ санына тағы пышақталған жарақат анықталды. 10-12 см тереңдікте. Беткейлік тамыр зақымданған. Байланып, қан тоқтатылды»,– деді Ленгір қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ержан Түзелбаев.
Мағжан отбасында бес баланың кенжесі еді. Көктемде әскери борышын өтеп, туған ауылына оралған. Бір баласын жер қойнына тапсырып, екіншісі өлім аузынан қалып, жан сақтау бөлімінен жаңа шыққан отбасы әділ тергеуді талап етеді.
Облыстық полиция департаменті әзірге оқиғаға қатысты ақпарат бермеді.