Жаңалықтар

«Ұмай» әйелдер ипотекасына өтініш беру қашан басталады

ипотека умай
«Ұмай» әйелдер ипотекасына өтініш беру қашан басталады / shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

«Ұмай» ипотекалық бағдарламасы шарттары келісу сатысында тұр. Бұл туралы Kursiv.Media-ға Отбасы банктен хабарлады. Жоба Азия даму банкімен бірлесіп іске асырылады. Ол жеңілдікті шарттар бойынша тұрғын үй сатып алғысы келетін әйелдерді қолдауға бағытталған.

«Қазіргі уақытта «Ұмай» ипотекалық өнімінің шарті келісу сатысында тұр. Қосымша ақпарат құжат бекітілгеннен кейін беріледі. Бағдарламаның басталу мерзімі әлі анықталған жоқ», – делінген банктің жауабында.

«Ұмай» ипотекасын бастау неге кейінге қалдырылды

«Ұмай» бағдарламасы 2021 жылы басталып, 2023 жылы тоқтатылғанға дейін үш жыл жұмыс істеді. Бастама Азия даму банкінің (АДБ) қолдауымен іске асырылған. Бұл банк транштармен қаржыландырады: 2021 жылы 8,4 млрд теңге, 2022 жылы 14 млрд теңге және 2023 жылы 15,6 млрд теңге бөлген.

Олар ипотеканы 2025 жылдың басында жаңартылған шарттармен жалғастыруды жоспарлады. Алайда жобаны іске қосу екінші жартыжылдыққа ауыстырылды. Банк басшысы Ләззат Ибрагимованың сөзінше, жоба нарықта неғұрлым қолайлы жағдайды күткен.

Отбасы банк АДБ-дан 90 млрд теңгеге келісімге қол қойды. Бұл ақша «Ұмай» қайта іске қосуға ғана емес, жасыл ипотеканы дамытуға да бағытталады. АДБ теңге облигацияларды орналастыруды, ал түскен қаражатты банкке жеңілдетілген қарыз түрінде беруді жоспарлап отыр. Бұл ипотекалық кредиттер бойынша мөлшерлемені барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Әйелдер ипотекасының шарты қандай болуы мүмкін

Бұрын хабарланғандай, жаңартылған ереже бойынша қатысушылар бастапқы және қайталама нарықта тұрғын үй сатып ала алады. Бұл ретте тұрғылықты жері бойынша тіркелу маңызды емес.

Бағдарламаның негізгі параметрлері:

  • бастапқы жарна – кемінде 20%;
  • несиенің ең жоғары мөлшері – 30 млн теңгеге дейін;
  • жылдық тиімді мөлшерлеме – 15,4%-дан басталады және 3,6%-ға дейін төмендеуі мүмкін;
  • өтеу мерзімі – 25 жылға дейін.
  • қатысуға арналған табыс шегі 640 мың теңгеден 900 мың теңгеге дейін өсті.

Айта кетейік, осыған дейін бағдарлама қыркүйекте қосылады деген ақпарат тараған. Алайда бұл ақпаратты банк жоққа шығарды.