Lifestyle

ЮНЕСКО түркі тілдес елдер үшін жаңа мереке бекітті

фото: ашық дереккөзден

ЮНЕСКО шешімімен 15 желтоқсан «Түркі тілдер отбасының халықаралық күні» деп белгілеу туралы шешім қабылданды. Бұл жайлы Түркияның ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі, елші Гюльнур Айбет  Самарқан қаласында өткен конференция кезінде айтты.

Ол тілдің тек қарым-қатынас құралы ғана емес, өркениеттің жаны, ұлттың жадын, даналығын және бірегейлігін сақтайтын рухани байлық екенін атап өтті. Бүгінде 200 миллионнан астам адам түркі тілдерінде сөйлейді, ал олардың мәдениеті ғасырлар бойы қалыптасқан ортақ тарих пен құндылықтарға негізделген.

Айбеттің айтуынша, 15 желтоқсанның таңдалуы да кездейсоқ емес. Дәл осы күні VIII ғасырдағы Орхон жазбалары, түркі тіліндегі ең көне жазба ескерткіштер алғаш рет оқылып зерттелген. Бұл күн түркі өркениеттерінің ортақ мәдени және көркем мұрасын бейнелейтін тарихи дата болып саналады.

«ЮНЕСКО-ның бұл шешімі ұйымның көптілділік пен мәдени әртүрлілікке және халықтар арасындағы диалогқа адалдығын тағы бір мәрте дәлелдейді», – деді Гюльнур Айбет.

Мереке аясында Түркі мәдениеті мен мұрасын сақтау қоры 1 қарашада Самарқанда арнайы конференция өткізеді. Оған түркі мемлекеттерінің өкілдері қатысады.