
Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымовадан банктер мемлекеттен алған көмегін қалай қайтарып жатқаныны сұрады. Жыл басында Президент банктер 2017 жылы алған көмегін мерзімінен бұрын қайтаратын уақыт жекенін айтқан. Осы ретте депутат қаржы ұйымдары берешегін ертерек қайтаруға қамданып жатыр ма, оларға қандай талап қойылып жатқанын сұрады.
Депутаттың айтуынша қазіргі кезде Halyk bank пен Банк ЦентрКредит 2017-жылдары үкіметтен алған қарызынан толық құтылған.
Дегенмен әлі бірнеше банк алған көмекті қайтаруға асығар емес. Мәселен, RBK Bank алған 244 млрд теңге көмегінің 48 млрд теңгесін төлеген. Ал «Еуразиялық банкке» 150 млрд теңге қарыз берілсе, банк соның 48 млрд теңгесін қайтарған. «Нұрбанктің» мойнында 47 млрд теңге бар.
Мемлекет көмегін алған банктер арасында бұрынғы – Jusan bank, қазіргі Alatau City Bank-ке ең көп көмек көрсетілген: 1 трлн теңгеге жуық. Оның 100 млрд теңгесін ғана қайтарып, мойнында әлі 950 млрд теңге мемлекетке қарыз тұр.
«Бұл қарыз 2045 жылға дейін 0,1 пайыздық мөлшерлемемен берілген. Сонда 1 трлн теңгені үкімет 30 жылға, су тегін беріпті. Менің ойымша, бұл мемлекет үшін тиімді емес. Сондықтан банктерге қарызды бірден емес, ақырындап кесте бойынша қайтарған тиімді. Осыған байланысты агенттік қарызды қайтару бағытында қандай жұмыс істеп жатыр? Бұл банктердің қарызды қайтару мерзімі қайта қарала ма? Егер қайта қаралмаса, пайыздық мөлшерлемесі азая ма?», – деп сұрады депутат.
Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, 2023 жылдан бері банктер 500 млрд теңге көмекті қайтарған.
«Бұл мемлекеттік көмек арзан пайызбен реттелген облигация ретінде берілген. Қазіргі кезде 4 банктің мойнында осы облигациялар бар. Ұлттық банкпен бірлесіп, осы банктердің қарызды қайтаруына қатысты жұмыс атқарылып жатыр. Бақылауда ұстап отырмыз. Олар алған қарызын 2045 жылға дейін ұстамайды, мерзімінен бұрын қайтарады», – деді агенттік басшысы.