Жаңалықтар

Әнші-блогердің телеарнада бағдарлама жүргізгеніне қарсымын – депутат

Нартай Сәрсенғалиев телевизияның қазіргі жағдайына қатысты пікір білдірді/фото: shutterstock

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев телевизияның қазіргі жағдайына қатысты пікір білдірді.

Айтуынша, әлеуметтік желі дамып жатыр. Сол арқылы халықтың мұң-мұқтажын айтуға мүмкіндік туды. Алайда бұл телеарналар көрерменсіз қалды дегенді білдірмейді.

Сондай-ақ депутат телеарналардағы бірқатар мәселені көтерді.

«Телеарналар аутсорсинг компаниялармен жұмыс істеуді доғаруы керек. Жаңа жыл кештері, әлеуметтік-саяси бағдарламалар – түрлі жобаны аутсорсингке беріп тастайды. Бәрін білемін. Ішінде жүрген азаматпын. Ол бағдарламаны кім жасайды? Дәл сол телеарна ішінде жүрген қыз-жігіттер жасап шығады. Қосымша қаражат табады. Өз-өзімізді алдамай, телеарналар өз бағдарламасын өзі түсірсін. Сонда әлдеқайда сапалы болады», – дейді Нартай Сәрсенғалиев.

Сөзінше, бұл телеарнада қосымша жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

«Телевизияда әнші, блогер, ақпарат алаңында қызмет етпеген азаматтарды жүргізуші етіп алу деген тенденция бар. Бұған қарсымын. Қазақ журналистикасында осы саланы оқыған, білетін мамандар жұмыс істеуі керек. «Жұлдызсымақтарды» жарқыратып көрсете берсек, жастардың да таңдауы өзгеріп кетуі мүмкін», – дейді депутат.

Айта кетейік, бұған дейін Қытайда блогерлерге арналған жаңа заң күшіне енді. Енді медицина, заң, білім беру немесе қаржы тақырыптарында контент жасау үшін ресми біліктілік яғни диплом, кәсіби лицензия немесе сертификат болуға тиіс.