Банк туралы жаңа заң: цифрлық қаржы активтері нарыққа қалай енгізіледі

Мәжілісте банк туралы заң жобасы қызу талқыланып жатыр. Депутаттардың бір сағаттық сұрақ қою регламенті мәселенің маңыздылығына байланысты жарты сағатқа ұзартылды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова заң жобасының негізгі жаңалығы – активтердің жаңа класы ретінде цифрлық қаржы активтерін реттеуді енгізу және олардың Қазақстан аумағындағы айналымына рұқсат беру екенін айтады. Атап айтқанда, цифрлық қаржы активтерінің үш түрін енгізу көзделген:
Біріншіден, базалық активі ақша болып табылатын цифрлық қаржы активтері, яғни стейблкоиндер. Стейблкоиндерді шығару, айналысқа жіберу және өтеу тәртібіне, шарттарына қойылатын талаптарды Ұлттық Банк айқындайды.
Екіншіден, базалық активі қаржы құралдары, қаржы активі, мүліктік құқықтар, тауарлар немесе өзге де мүлік болып табылатын цифрлық қаржы активтері.
Үшіншіден, цифрлық платформада электрондық-цифрлық нысанда шығарылатын қаржы құралдары.
«Агенттікке стейблкоиндардан басқа, цифрлық қаржы активтерін шығару, айналысқа жіберу және өтеу тәртібіне, шарттарына қойылатын талаптарды белгілеу өкілеттіктері беріледі. Цифрлық қаржы активтерін цифрлық платформалар операторлары шығаратын болады. Бұл операторлар – қаржы нарығының жаңа субъектілері, олардың қызметіне лицензияны Ұлттық Банк беретін болады», – дейді Мадина Әбілқасымова.
Цифрлық қаржы активтеріне қолданыстағы қаржы құралдары үшін белгіленген ұқсас талаптар қойылады. Оның ішінде тәуекелдерді басқаруға, ақпаратты жария етуге және инвесторлардың құқықтарын қорғауға қатысты талаптар бар. Сонымен қатар заңда қамтамасыз етілмеген активтер, яғни криптовалюталарды реттеу қарастырылған. Криптовалюта айырбастайтын ұйымдарға лицензияны Ұлттық банк береді және олардың қызметін бақылайды.
Криптовалюталар
Инвесторларды қорғау мақсатында Ұлттық банк рұқсат етілген криптовалюталардың тізімін және айырбастау операцияларына қойылатын шектеулерді бекітеді. Сондай-ақ кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға жол бермеу үшін криптобиржалар мен цифрлық активтер нарығының қатысушылары қаржылық мониторингке енгізіледі.
«Сондай-ақ заң жобасында банктердің экожүйелер шеңберінде инновациялық қаржы өнімдерін дамыту, банк қызметіне озық технологияларды енгізу және банктердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қаржылық-технологиялық компаниялардың капиталына инвестициялау мүмкіндіктері кеңейтіледі. Банктерге цифрлық технологиялар, электрондық коммерция, киберқауіпсіздік, биометрия, жасанды интеллект және телекоммуникация салаларында еншілес компанияларды құру және сатып алу құқығы беріледі», – дейді Мадина Әбілқасымова.
Банк еншілес ұйымдары шетелдік қаржы және лизингтік компанияларға инвестиция сала алады. Ал сақтандыру еншілес ұйымдарына шетелдік брокерлер мен медициналық мекемелер құруға, халықаралық сақтандыру синдикаттарына қатысуға рұқсат беріледі.
Заң жобасының маңызды бөлігі ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған. Бұл бағытқа ашық банкинг, мобильді төлемдер, ұлттық төлем жүйесі мен цифрлық теңге кіреді. Цифрлық теңгенің айналысы және оны пайдалану тәртібін Ұлттық банк айқындайды.
Айта кетейік, бұған дейін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Банктер және банк қызметі туралы» жаңа заң жобасы талқыланып жатқанын жазғанбыз.