
Дариға Бадықова мен Мөлдір Мұқанованың отбасындағы жағдай қазір елдің аузынан түспей тұрғаны анық.
Бұл мәселелер әйел құқығы, адалдық пен отбасы құндылығына қатысты болғандықтан, қоғам назарын қатты аударғаны байқалады. Десе де, кейбіреулер мұны басқа дүниеге жорып жүр.
Айталық, Дариға Бадықованың бірнеше фильм түсіріп, миллиардтаған теңге табыс тапқаны жасырын емес. Мөлдір Мұқанованың да жаңа фильмі экрандардан көрсетілуге жақын тұр. Бұрын туындаған отбасы мәселесі көрсетілім қарсаңында шаң беруі «пиар емес пе» деген сауал тудырып отыр.
PR маманы, спикер дайындайтын бизнес-тренер Салтанат Әскербекқызы жұлдыздардың жеке өміріне қызықпайтынын айтады. Десе де, маман ретінде жарнаманың ерекше түрлері туралы пікір білдірді.
«Жарнаманың нативті түрі болады. Ол – материалды аудиторияға PR тұрғысынан шынайы түрде өткізу. Сату, еліктіру. Халықтың назарын аударту. Адам жеке басындағы проблемасын айту арқылы жаңа жоспарын айтады. Бұл да – манипуляцияның бір түрі. Көрген қиянатын айту арқылы аудиторияның жанашырлығын туғызады. Көзіне жас алып, өзін өмірдің құрбаны ретінде сипаттайды», – дейді Салтанат Әскербек қызы.
Оның пікірінше, әр жағдайды жеке қарастырған жөн. Десе де, бұл нативті жарнамаға ұқсайды.
«Қара PR» деген де нәрсе бар. Ол – бір нәрсені жамандау. Осы арқылы өзіне жарнама жасау. Бұл фильм не, басқа кез келген нәрсе болуы мүмкін. Адам өзіне назар аударту үшін біреуді жамандайды. Өзіне назар аудартып, ұпай жинайды. Мұны таза «қара PR» деп атайды. Талқыға түскен тақырып ажырасу болуы да мүмкін. «Қара PR» тактикасы осындай», – дейді маман.
Десе де, бұл тәсілді пайдаланудың зияны да бар көрінеді. Өйткені алдағы қадамдарын ескермесе, «қара PR» тез әшкере болады.
Салтанат Әскербекқызының пікірінше, көпшіліктің алдына шығып жүрген танымал адамдардың біразы жауапкершілік деген ұғымды түсінбейді. Ұғынбайды, сақтамайды.
«Жұлдыздардың деңгейі бізде өте төмен. Біреуден көңіліңіз қалса, өзіне айтыңыз. Бұл – этика, мәдениет», – деп ескерту жасады маман.
Мұның алдында Мөлдір Мұқан Тұрсынбек Қабатовпен ажырасқаны туралы сұхбат берген еді.