Полиция Түлкібастағы атысқа қатысты күдіктілерді іздеп жатыр

Түркістан облысы Түлкібас ауданында болған атысқа қатысы бар екі адам әлі ұсталған жоқ. Есесіне тұрғындар оқиға қайталана ма деп алаңдап отыр.
Оқиғаға қатысты күдіктілерді полиция әлі іздеп жатыр. Аудан орталығына полиция күзеті қойылған. Ал арада екі күн өтсе де, жергілікті тұрғындардың қорқынышы сейілмеген.
Куәгер Динара Бейсембаева оқиға 2 қараша күні түнгі сағат 23:00 шамасында болғанын айтады. Оның сөзінше, үсті-басын жапқан, бетіне маска киген жігіттер көше бойында тұрған жігіттерге оқ ата бастаған.
«Жол жиегінде тұрғандар айқайлады. Сол кезде оқ атқандар көлігіне мініп қашты. Дәріханаға бір жігіт жүгіріп керді. Бинт беріңізші деді, бердім. Дірілдеп өз өзіме келе алмай тұрған кезде олар да кетіп қалды», – деді дәріханашы.
Куәгерлер оқ атқандардың саны үшеу болғанын айтады. Оқиға қас-қағым сәтте болған. Полиция күдіктілердің бірін ұстаған. Оқ төрт адамға тиген. Бірі жүрегіне тиген оқтан оқиға орнында қайтыс болған. Қалған екеуінің табанына, бірінің денесінің бірнеше жеріне тиген. Екеуі қазір аудандық орталық ауруханада тиісті емін алып жатыр. Бірі үйіне жіберілген.
«Стационарлық емге түскен науқастың санына, балтырына, табан сүйегіне оқ тиген. Ал қалған екі науқастың тек табан сүйегі жарақаттанған. Науқастардың жағдайы тұрақты», – деді аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Жансұлу Ақылбаева.
Жәбірленушілердің бәрі Көктерек ауылының тұрғыны. Олардың екеуі кәмелет жасқа толмаған. Оқиға орнында қайтыс болған 17 жастағы колледж студенті дәріханадан дәрі алып шыққанда оққа ұшқан. Жәбірленушілер қандай да бір пікір беруге құлық танытпады.
Ал полиция атысқа қатысқандар іздестіріліп жатқанын хабарлады.
«Оқиға орнына аудандық полиция бөлімінің басшылығы мен жедел-тергеу тобы дереу шықты. Іс-шаралар барысында аз уақыт ішінде күдіктілердің жеке басы анықталды. Олардың бірі ұсталып, қамауға алынды. Осы факті бойынша «Адам өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Болған оқиғаның барлық мән-жайларын және екінші қатысушының орналасқан жерін анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде» делінген полиция хабарламасында.
Айта кетейік, оқиға 3 қарашаға қараған түні болған. Жол жиегінде тұрған бір топ жігітке белгісіз адамдар жаппай оқ атқан. Төрт адам жарақат алып, біреуі қайтыс болған еді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр.