Bek Air апатынан зардап шеккендер 5 млрд теңге өндіруді сұрады – сот шешімі

Bek Air ұшағы апатынан зардап шеккендер қылмыстық іс аясында өздеріне 5 миллиард теңге өндіріп беруді сұраған. 2025 жылдың 5 қарашасында іс бойынша сот үкімі шықты. Соған сәйкес, 12 адам қаза тапқан апатқа марқұм екі ұшқыш кінәлі деп танылды.
Істі қараған судья Дастан Алмағамбетовтің сөзінше, жәбірленуші тарап қойған азаматтық талап-арыздың жалпы сомасы шамамен 5 миллиард теңге, оның 90 миллион теңгесі – мүліктікке келген залал.
Қылмыстық-процестік кодекстің 170-бабының 3-бөлігіне сәйкес, талап-арыз сомасын нақты есептеу мүмкін болмаған жағдайда іс азаматтық сотқа беріледі. Осылайша сот жәбірленушілердің азаматтық талап сомасын анықтау мәселесін азаматтық сотқа жолдады.
Сонымен қатар «Bek Air» АҚ-ға тиесілі мүлікке салынған тыйым азаматтық талап азаматтық сотта шешілгенге дейін сақталады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.