Home Credit Bank атауы мен Директорлар кеңесі құрамының өзгергенін хабарлады
«Home Credit Bank» акционерлік қоғамы «ForteBank» акционерлік қоғамының қатысу үлесінің ұлғаюына байланысты атауын өзгертіп, директорлар кеңесінің жаңа құрамын сайлағанын хабарлайды.
Бұл шешімдер 2025 жылғы 3 қарашада өткен акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысында қабылданды. Оған дейін «ForteBank» АҚ Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен («ҚНРДА») «Home Credit Bank» АҚ-ны еншілес ұйым ретінде сатып алуға ресми рұқсат алған болатын.
Директорлар кеңесінің жаңа құрамы:
- Тимур Исатаев – «Home Credit Bank» директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды;
- Талғат Қуанышев – «Home Credit Bank» директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды;
- Анвар Сайденов – «Home Credit Bank» тәуелсіз директор ретінде қайта сайланды.
Қабылданған шешімдер «Home Credit Bank» акционері Иржи Шмейцтің акцияларын «ForteBank»-ке өткізу және «ForteBank» үлесін 75%-ға дейін ұлғайту рәсімі аяқталғаннан кейін күшіне енеді.
Банк атауының жаңа нұсқалары:
- Қазақ тілінде: «Home Credit Bank» акционерлік қоғамы («ForteBank» акционерлік қоғамының еншілес банкі);
- Орыс тілінде: Акционерное общество «Home Credit Bank» (Дочерний банк акционерного общества «ForteBank»);
- Ағылшын тілінде: Joint-stock company «Home Credit Bank» (Subsidiary bank of joint-stock company «ForteBank»).
«Біз Home Credit Bank брендінің танымалдылығы мен бөлшек нарықтағы тәжірибесін сақтай отырып, оларды ForteBank-тің тұрақтылығы және технологиялық әлеуетімен біріктіреміз. Бұл – ұзақмерзімді өсімге бағытталған маңызды қадам. Біздің басты қағидаттарымыз – сенімділік, жоғары қызмет сапасы және клиенттердің жайлылығы», – деді Тимур Исатаев, «ForteBank» директорлар кеңесінің төрағасы.
Банк клиенттерге қызмет көрсетуді бұрынғы тәртіпте жалғастырады: барлық өнімдер, қызметтер және шарттар өзгеріссіз қалады. Интеграция процесі кезең-кезеңімен жүргізіліп, қызмет көрсету сапасын сақтау және клиенттер үшін өтпелі кезеңнің жайлылығын қамтамасыз етуге басымдық беріледі.
«Біз клиенттерімізге бұрынғыдай жоғары деңгейде қызмет көрсетуді жалғастырамыз. Тұрақтылық пен сенім – біздің басты құндылықтарымыз. Қабылданған шешім банктің тұрақты әрі ұзақмерзімді дамуына берік негіз қалайды», – деп атап өтті Кирилл Бачваров, «Home Credit Bank» басқарма төрағасы.