Банк пен қаржы

Ипотека арзандай ма? Әбілқасымова нақты жауап берді

Фото: kursiv.media архиві, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Тілектес Адамбеков Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымоваға ипотекалық несиелердің шекті мөлшерлемесін қайта қарау туралы сауал қойды.

Депутаттың айтуынша, қазіргі тұтынушылық несиелердің жылдық тиімді мөлшерлемесі 46%-ға, ал ипотекалық несиелер бойынша 25%-ға дейін төмендеген.

«Қаржы секторындағы бәсекелестікті арттыру шаралары несиелік мөлшерлемелерді төмендетуге әкеледі ме? Тұтынушылық несиелер бойынша жылдық мөлшерлемені 35%-ға, ал ипотекалық несиелер бойынша 25%-дан да төмендету мәселесін қарастыру қажет деп ойламайсыз ба? Бұл мәселе жұмыс топтарында да көтерілді»  – деді депутат.

Агенттік не дейді

Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, былтыр заң қабылданғаннан кейін жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемелерін төмендеткен.

«Өткен жылы кепілсіз несиелердің мөлшерлемесі 56%-дан 46%-ға, ипотекалық несиелер бойынша мөлшерлеме 30%-дан 25%-ға, ал кепілді несиелердікі 45%-ға дейін төмендеді. Ал биыл біз ипоткалық несиелер бойынша мөлшерлемені одан ары 20%-ға дейін төмендеттік. Бірақ осы қазан айында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтергеннен кейін кейбір банктер уақытша кепілсіз несиелер беруді тоқтатты. Осыған байланысты 20%-дық шекті мөлшерлеме 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзартылды», – деді ол.

Әбілқасымованың сөзінше, бұл кезеңге дейін Ұлттық банкпен бірлесіп жаңа әдістеме әзірленеді. Жаңа әдістеме бойынша бастапқы жарна көлеміне қарай сараланған ставка енгізу қарастырылып жатыр.

Айта кетейік, бұдан бұрын Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Банктер және банк қызметі туралы» жаңа заң жобасы талқыланып жатқанын жазғанбыз.