Қызмет көрсету саласындағы іскерлік белсенділік 10 айда алғаш рет төмендеді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
индекс деловой активности
shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

2025 жылдың қазан айында Қазақстанның қызмет көрсету саласындағы белсенділік соңғы он айдағы алғаш рет төмендеді. Freedom Holding Corp пен S&P Global дайындаған соңғы PMI индексі 50,8-ден 49,3-ке түсті. Бұл көрсеткіш 50-ден төмен болғанда, іскерлік белсенділіктің қысқарғанын білдіреді. Индекстің төмендеуі саладағы жалпы сұраныстың баяулауымен және жаңа тапсырыстар көлемінің азаюымен байланысты.

Жылдың басынан бері байқалған өсім тенденциясы жаздан кейін әлсірей бастаған еді. Қазан айында бұл үрдіс нақты байқалып, өндіріс көлемі азайып, жұмыспен қамту деңгейі төмендеді. Сауалнамаға қатысқан компаниялардың 94%-ы жұмыс күшін сақтағанымен, қалғандары қысқартуға барған.

Сұраныстың қарқыны бәсең

Соңғы 12 ай бойы жаңа тапсырыстар өсімі жалғасып келеді, алайда оның қарқыны біртіндеп баяулап, наурыздан бергі ең әлсіз деңгейге жетті. Кәсіпкерлер тұтынушылар тарапынан сатып алу белсенділігі төмендегенін айтады. Бұл ішкі сұраныстың баяулағанын және тұтынушылардың шығындарын қысқартқанын білдіреді.

Freedom Finance Global-дың қаржылық талдау департаментінің директоры Ерлан Әбдікәрімов бұл жағдайды нарықтағы салықтық өзгерістермен, бағалардың көтерілуімен және валюта ауытқуларымен түсіндіреді. Оның айтуынша, маржаның тәуекелдері өсіп отыр, себебі компаниялар импорттық өнімдер мен ресурстардың қымбаттауына байланысты қызмет бағасын көтеруге мәжбүр болған.

Баға қысымы сақталып отыр

Респонденттердің көпшілігі қызмет көрсетуге жұмсалатын шығындардың өсуін жеткізу, коммуналдық қызметтер және азық-түлік бағасының қымбаттауымен байланыстырады. Сонымен қатар, теңге мен доллар бағамының құбылуы импорттық тауарлардың қымбаттауына алып келген.
Баға қысымы тұтынушыларға да әсер етті — қызмет бағасы маусым айынан бергі ең жоғары деңгейге жетті. Бұл халықтың төлем қабілетіне қосымша салмақ түсіріп, сұранысты одан әрі шектеп отыр.

Бизнестің сенімі әлсіз

Сауалнама қорытындысы бойынша, кәсіпкерлердің алдағы жылға деген оптимизмі сақтықпен оң деп сипатталады. Респонденттер сұраныстың қайта өсуіне, маркетингтік белсенділікті арттыру мен тиімді инвестицияларға үміт артады. Алайда салық заңнамасындағы алдағы өзгерістер мен валюталық тұрақсыздық бизнес жоспарлауға әсер етіп отыр.

PMI (Purchasing Managers Index — Сатып алу менеджерлері индексі) – экономикалық белсенділікті өлшейтін негізгі айлық көрсеткіш. Ол 50-ден жоғары болса – өсім, 50-ден төмен болса – төмендеу екенін білдіреді. Freedom Holding Corp пен S&P Global сауалнамасы 250-ге жуық компанияның пікірін қамтыған. Салалар арасында көлік, байланыс, қаржы, сақтандыру, жылжымайтын мүлік және бизнес қызметтері бар.

Қазан айында өңдеу өнеркәсібіндегі де іскерлік белсенділік төмендеген.

Сондай-ақ оқыңыз