Қазақстанда автонесиеге сұраныс көбейді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымовадан депутат Үнзила Шапақ банк туралы жаңа заң жобасы азаматтардың несиелік жүктемесін қалай азайтатынын сұрады.
Парламенттегі жиында бұл сұраққа жауап берген Мадина Әбілқасымова қазақстандықтардың автонесиеге деген қызығушылығы айтарлықтай артқанын айтты.
«Былтыр тұтынушылық кредиттердің өсімі 33,5% болған, ал қазір өсімі 17,8%-ды құрап отыр. Қарыз алушылардың портфелін қарасақ, автонесие алушылардың сегменті өте жоғары. Жалпы несиелерге көп үлес қосып отырған да осы сегмент. Тұтынушылық несиелердің ішінде үлесі 25%-ды құрайды. Былтыр 54 %-ға өссе, биыл 35%-ға өскен (9 айда)», – дейді Мадина Әбілқасымова.
Ал кепілсіз тұтынушылық кредит 29%-ға өссе, биыл 9 айда 12,7%-ға дейін артқан.
«Проблемалық несиесі бар азаматтарға жаңа кредит беруге тыйым салдық. Максималды соманы шектедік. Одан басқа тамызда микроқаржы ұйымдарында несиенің өтелуі бір күн кешіксе, ондай санаттағы адамдарға да несие беруге тыйым салынды. Қазан айында бұрынғы 90 күндік шектеу 30 күнге дейін қысқарды. Одан басқа біз кредиттің максималды мерзімін белгіледік. Борыш жүктемесі коэфиценті жеткілікті болмаса азаматтарға 5 жылдан артық берілетін кредиттерді беруді шектедік. Үш жылдан астам кредиттерге де капиталға қойылған талаптар қатайды. Борыш жүктемесі коэфицентін тиімді пайдалануға осы жайттар мүмкіндік береді», – деді ол.
Мадина Әбілқасымова тұтынушылық кредит беру қарқыны екі есе төмендегенін айтты.
Айта кетейік, бұған дейін депутат Тілектес Адамбеков Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымоваға ипотекалық несиелердің шекті мөлшерлемесін қайта қарау туралы сауал қойған еді.