
Қазақстандықтар енді телефонмен сөйлесу кезінде банк қосымшасы арқылы ақша аудара алмайды. Бұл ереже алаяқтықтың алдын алу мақсатында енгізілді.
Неліктен мұндай шектеу қойылды
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк азаматтарды телефон арқылы сөйлесіп, «қолмен басқаруға» тырысатын алаяқтардан қорғау үшін жаңа ақпараттық қауіпсіздік талаптарын бекітті.
«Егер мобильді қосымшаны пайдалану кезінде микрофон қосулы болса (мысалы, сөйлесу жүріп жатса), қаржылық операция уақытша бұғатталады. Бұл клиенттің іс-әрекетіне телефон арқылы әсер етуге тырысатын алаяқтарға тосқауыл қояды», – делінген хабарламада.
Екі факторлы аутентификация
Жаңа ережелер тек аударымдарға ғана емес, қосымшаға кіруге де қатысты. Енді қолданушы тек пароль енгізумен шектелмейді. Мобильді банктерде міндетті түрде екі факторлы аутентификация енгізіледі. Яғни SMS, push-хабарлама немесе биометриялық растау қажет болады.
Айта кетейік, бұған дейін Kaspi-Alaqan-ның қауіпсіздігіне қатысты Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловтың жауабын жазғанбыз.