
Қазақстан импортының құрылымы өзгеріп, машина жасау және азық-түлік өнімдері үлесі артқан. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының Қазақстанның сыртқы сауда айналымына жасаған шолуында жазылған.
Тауар айналымы төмендеді
2025 жылдың сегіз айында Қазақстанның тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1%-ға азайып, 90,2 млрд долларды құрады. Бұл нәтижеге негізінен экспорттың 5,7%-ға қысқаруы әсер етті. Ал импорт, керісінше, 2,8%-ға өсті.
Экспорт құрылымы өзгерді
Экспорттың төмендеуі көбіне минералдық өнімдер (-$3,4 млрд) мен көлік құралдарының (-$640 млн) жеткізілімінің азаюымен байланысты. Бұл әлемдік шикізат бағасының төмендеуін және сыртқы сұраныстың әлсіреуін көрсетеді.
Сонымен қатар экспорттық түсімнің бір бөлігін ауыл және мал шаруашылығы өнімдері құрап отыр. Олардың жеткізілімі 1,2 млрд долларға өсті. Мұндай өсім азық-түлік бағасының қымбаттауы және экспорт көлемінің 40%-ға артуымен байланысты.
Негізгі сауда серіктері қай ел?
Қазақстанның алғашқы бес сауда серіктесі: Қытай ($21,1 млрд), Ресей ($17,0 млрд), Италия ($11,3 млрд), Нидерланд ($4,0 млрд) және Түркия ($3,4 млрд). Бұл елдер елдің жалпы сауда айналымының 63%-ын құрайды.
Италия, Нидерланд және Түркиямен сауда балансы оң болып, 14,8 млрд долларға жетсе, Қытай мен Ресеймен керісінше 8,8 млрд доллар көлемінде теріс сальдо қалыптасты. Жалпы алғанда оң айырма 6 млрд долларды құрады.
Импорт құрылым қандай
Импорт құрылымы да өзгерді: елге көбірек машина жасау және ауыл шаруашылығы өнімдері әкелінуде. Тасымалдау құралдарының импорты 592,9 млн доллар, химия өнеркәсібі өнімдері 428,7 млн доллар, ал азық-түлік тауарлары 208,4 млн долларға артты. Оған себеп – ішкі тұтынудың өсуі және жергілікті өндірістің жетпеуі.
Кейбір импорт тауарларының бағасы айтарлықтай өсті: үй жиһазы, шоколад пен какао өнімдері, тоңазытқыш жабдықтары, сүт пен кілегей қымбаттады. Бұл өсім сыртқы баға факторларымен қатар, валюта бағамының ауытқуын да көрсетеді.
Инфляциялық және валюталық қысым
Қазақстанда инфляция 2025 жылдың сегіз айында 12,2%-ға жетті. Бұл көрсеткіш ЕуроОдақ(2,0%), Ресей (8,1%) және Қытай (-0,4%) елдеріндегі инфляциямен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.
Мұндай айырмашылықтың себебі – ел ішіндегі құрылымдық факторлар: тарифтің қымбаттауы, қаржылық ынталандыру, импортқа тәуелділік және логистикалық шығындардың өсуі.
Сонымен қатар, сарапшылардың айтуынша, рубльдің теңгеге қатысты 36%-ға нығаюы импорт, экспорт және ішкі бағаларға тікелей әсер етіп отыр.
Биыл сыртқы сауда экономикалық өсімге теріс ықпал етіп жатыр. Экспорттың төмендеуі мен импорттың өсуі сауда теңгеріміне қысым түсіріп, төлем балансының тұрақтылығын әлсіретеді.
Импорттың машина жасау мен агроөнеркәсіп бағытында артуы ішкі өндірістің шектеулі екенін және технологиялық тұрғыда тәуелді екенін байқатады.
Жыл соңына дейін импорт көлемі 64,3 млрд доллар, ал экспорт 75,5 млрд доллар шамасында болады деп болжанып отыр. Бұл сауда сальдосының оң болғанымен, көлемі азайып, экспорттық сектордың ЖІӨ өсіміне қосқан үлесін төмендетуі ықтимал.